Accessibility links

NYT: Ресей ядролық қозғалтқышы бар зымыранын сынауға дайындалып жатыр


"Новая Земля" полигоны. Спутниктен түсірілген сурет
"Новая Земля" полигоны. Спутниктен түсірілген сурет

Ресей ядролық қозғалтқышы бар зымыранын Арктикада сынақтан өткізуге дайындалып жатыр, бірақ сынақ өтіп кеткен болуы да мүмкін. Бұл туралы спутник суреттеріне сүйенген New York Times (NYT) жазды. Газет болжамына қарағанда, бұл - ядролық қозғалтқышы бар құрлықаралық "Буревестник" баллистикалық зымыраны.

20 қыркүйекте "Новая Земля" полигонынан алынған спутник суреттерінде көптеген әскери техника көрінеді, ішінде "Буревестник" көлеміне сай келетін тягач та бар екенін байқалады. Төбесіндегі қорғаныс жамылғысын алып тастаған. Мұндай қозғалыс 28 қыркүйекте түсірілген суреттен де аңғарылған.

31 тамызда Ресей полигонды "уақытша қауіпті аймақ" деп жариялап, төбесінен ұшақ ұшпағаны жөн болатынын ескерткен. Бұл ескерту уақытын тағы да созып, 6 қазанға дейін ұзартқан. "Буревестникті" 2019 жылы сынағанда да осындай бұйрық шығарған болатын.

Норвегияның Bellona экологиялық ұйымы полигоннан шамамен 150 шақырымдағы Рогачёво әскери базасында "Росатом" ядролық сынақты бақылау үшін пайдаланатын екі ұшақ тұрғанын спутник суреттерінен танығанын мәлімдеген.

Ресей "Буревестникті" бұған дейін әлденеше рет сынап көрген. Тәуелсіз Nuclear Threat Initiative бақылаушы ұйымының мәліметіне қарағанда, 2017 және 2019 жылдары Ресей "Буревестникті" 13 рет ұшырып, бәрі де сәтсіз аяқталған. Адам өлімі де болған. 2019 жылы зымыран жарылып, Архангельск облысында жеті адам өлген.

  • "Буревестник" – құрлықаралық қанатты зымыран. Ядролық оқтұмсық алып жүре алатын бұл зымыранның ядролық қозғалтқышы да бар. Конструкторлардың пікірінше, ядролық қозғалтқыш зымыранның ұшу қашықтығын шексіз етуге мүмкіндік береді.
  • Сарапшылардың сөзінше, зымыран ядролық оқтұмсықсыз-ақ апатқа ұшыраса, ядролық қозғалтқышы алапат апатқа душар етуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG