Владимир Путиннің бесінші президенттік мерзімге арналған сайлау кампаниясы "дәстүрлі құндылықтар" және "жеке өркениет ретіндегі Ресей" дегендермен ұрандармен өтуі мүмкін. Путин сайлауға қатысатынын қарашаның бас кезінде жариялауы ықтимал. Ресей аймақтарында Путиннің сайлау кезіндегі сенімді өкілдерінің тімізі жасала бастаған. Президент әкімшілігіндегі дереккөздеріне сүйеніп, мұны бүгін "Коммерсантъ" пен РБК жариялады.
4 қарашада Мәскеудегі халық шаруашылығы көрмесі ашылады, ұйымдастырушылар сөзінше, Ресейдің барлық аймақтарының, соның ішінде Украинадан тартып алған аймақтардың да "жетістіктері" көрсетіледі.
"Коммерсантъ" жазуынша, осы көрме кезінде Путин алдағы президент сайлауына түсетінін жариялауы ықтимал. Бұған дейін "Вёрстка" басылымы да солай жазған. Бұл ақпараттарға қарағанда, әзірге түпкілікті шешім қабылданбаған. Бұрын Путин өз жоспарын сайлау ресми белгіленген соң ғана хабарлайтынын айтқан. Сайлау желтоқсанның ортасында белгіленеді.
"Коммерсантъ" жазуынша, сайлау кампаниясының идеологиялық тақырыбы Ресейді "дәстүрлі құндылықтарға, әсіресе отбасы құндылықтарына негізделген жеке өркениет" ретінде көрсету болмақ. Путин шамамен "қас дұшпандар қанша қарсы шықса да Ресей қоғамының бірлігі төтеп береді" дейтін тезистермен сөйлейтін болады. Ал Украинадағы соғыс мәселесі екінші планда қалады.
2020 жылы Ресей конституциясына енгізілген өзгерістер бұл елді 2000 жылдан бері басқарып келе жатқан Путиннің тағы да екі мерзімге президент сайлауына қатысуына мүмкіндік береді. Сайлауға қатысатынын Путин ашық айтпаса да, БАҚ-тар сөйлескен адамдардың ешқайсы да Путиннің қайта сайланатынына күмән келтірмейді.
Көбі шетелде жүрген Ресей оппозициясының өкілдері де сайлау кезіндегі стратегиясын талқылап жатыр. Гарри Каспаров пен оның Еркін Ресей форумындағы әріптестері сайлауды легитимсіз деп атап, бойкот жариялауға шақырып отыр. Максим Кац Михаил Ходорковский мен Алексей Навальныйдың жақтастарын ортақ стратегия жасауға шақырды.
ПІКІРЛЕР