Сейсенбі күні Армения парламенті Рим статутын ратификациялады. Бұл статут Халықаралық қылмыстық сот шешімін орындауды міндеттейді. Халықаралық қылмыстық сот бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинді қамауға алу жөнінде ордер берген.
"Рим статуты Арменияның сыртқы саяси мүддесіне сай келмейді" деп санайтын оппозиция талқылауға қатыспаған" деп жазады News.am басылымы.
"Армения" мен "Ар-ождан" фракцияларының 22 депутаты заң жобасына қарсы дауыс берген. Биліктегі "Азаматтық таңдау" фракциясының 60 депутаты бекітуді қолдап дауыс берген.
Құжат әзірге Армения президенті Ваагн Хачатрянға жетпеген.
Рим статутын ратификациялау жөнінде заң жобасын Армения 1998 жылы бекіткен. Алайда ратификациялау процесі "ел конституциясына сай келмейді" деген себеппен 2004 жылы тоқтаған. 2023 жылы 24 наурызда Армения конституциялық соты Рим статутында көрсетілген міндеттемелер Армения конституциясына қайшы келмейтінін мойындаған.
Армения билігі Рим статутын бекіту себебін - Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығыс кезінде жасаған соғыс қылмысы үшін Әзербайжан жетекшілерін жауапқа тарту деп түсіндірді.
- Ресей биыл наурызда Рим статутын мойындаудың салдары ауыр болатынын Арменияға ескерткен. Осыдан кейін Армения парламенті төрағасының орынбасары Акоп Аршакян Путин Арменияға келген жағдайда Ереванның тұтқындайтын ойы жоқ екенін мәлімдеген. Ол Рим статуты екі ел қатынастарына әсер етпейтіндей етіп Мәскеумен келісім жасасауға болатынын да айтқан еді.
- Биыл 17 наурызда Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің балалар құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы қамауға алу жөнінде ордер берген. Аталған екеуді Ресейдің Украинадан тартып алған жерлерінде украин балаларын күштеп депортациялап, соғыс қылмысын жасады деп айыптаған.
ПІКІРЛЕР