Accessibility links

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды


Қайта жөндеуден өткізілген Алматы әкімдігі. 3 қазан 2023 жыл.
Қайта жөндеуден өткізілген Алматы әкімдігі. 3 қазан 2023 жыл.

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген қала әкімдігі ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік органның хабарлауынша, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2022 жылы ақпанда басталған. Қала әкімдігінің ғимараты 1978 жылғы сызбаларға қарап қалпына келтірілген. Алматы қалалық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ұлан Оңалбаевтың сөзінше, ғимаратты қалпына келтіру жобасының құны – 17 млрд теңге ($35,5 млн).

Әкімдік өкілдері ғимараттың тарихи келбетін сақтай отырып, құрылыс жұмыстары жүргізілгенін айтты. Әкімдіктің хабарлауынша, ғимараттың ішінде әрлеу жұмыстарын жүргізген кезде өртенбейтін материалдар пайдаланылған, ғимаратқа түтінді кетіретін жаңа жүйе орнатылған. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында ғимаратқа кіруді бақылау жүйесі қолданылған, өртке төзімді есіктер орнатылған, бірінші қабаттағы терезелер арқылы ғимаратқа кіруді шектеу үшін қосымша қорғаныш жалюзилер орнатылған. Бұған қоса, әрбір қабатта бақылау камералары бар.

Одан бөлек, арбамен жүретін немесе жүріс-тұрысы қиындаған азаматтарға арналған электркөтергіш, мүгедектерге арналған санитарлық торап және өзге де арнайы инвентарьлар: пандус, Брайль алфавиті, шақыру батырмасы сияқты құрылғылар орнатылған. Әкімдіктің алғашқы қабатында азаматтарды қабылдайтын орын – Open space Almaty жасақталған. Онда ресепшн, күту залы, келіссөз залы, халықты қабылдау залы, ана мен бала бөлмесі, балаларға арналған ойын алаңы бар.

"Ғимаратта 700 орындық барлығы 360 кабинет бар. Нысанның жалпы аумағы – 33 мың шаршы метрден астам. Ғимаратта 14 басқарма мен әкім аппараты орналасқан. Осылайша Алматы әкімдігінің ғимараты қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген" деп жазылған әкімдіктің баспасөз хабарламасында.

Қайта қалпына келтірілген Алматы әкімдігінің ғимараты. 3 қазан 2023 жыл.
Қайта қалпына келтірілген Алматы әкімдігінің ғимараты. 3 қазан 2023 жыл.

2022 жылдың басында кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әкімдігінде өрт басталған. Әкімдіктің хабарлауынша, ғимараттың 80 пайызы өртеніп, бүлінген, ғимараттың алты қабаты мен төрт павильоны өртенген, өрт сөндіру жүйесі қосылғандықтан жертөлелерге жоғары жақтан су келген.

Алматы әкімдігінің ғимаратын қалпына келтіру мерзімі бірнеше рет өзгертілді. 2022 жылы қазанда Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу кезінде әкімдік ғимараты 2023 жылы наурызда дайын болатынын айтқан. Кейін әкімдік 2023 жылдың екінші тоқсанында ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары аяқталатынын айтқан. Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген тағы бір мемлекеттік ғимарат – президент резиденциясын билік сүріп тастап, оның орнында саябақ ашу туралы шешім қабылдаған.

Қаржы министрлігі былтыр "Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға" мемлекет 31 млрд теңге бөлуді жоспарлағанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG