Accessibility links

НАТО Украинаға оқ-дәрі жеткізу қиындай бастағанын айтты


Адмирал Роб Бауэр
Адмирал Роб Бауэр

Батыс елдерінде Украинаға беретін оқ-дәрі таусылып барады. НАТО басшылығы мен Ұлыбритания билігі осылай деп ескертті, деп жазды BBC сайты.

Солтүстікатлантикалық одақтың әскери комитетінің жетекшісі Роб Бауэр Варшавада өткен қауіпсіздік форумында үкіметтер мен қорғаныс саласында өнім өндіретін компанияларға "өндірісін жылдам қарқында жүргізуге тура келіп жатыр" деп мәлімдеді. "Бөшкенің түбі көрінді" деді ол. Бауэр енді ондаған жыл бойы әскери-өнеркәсіп кешеніне жеткілікті дәрежеде инвестиция салынбайтынын және НАТО елдерінің оқ-дәрі қоймалары жартылай толы болатынын айтты.

Ұлыбритания қорғаныс министрі Джеймс Хиппи де форумда батыстың әскери қоры "түгесіле бастағанын" айтты. Ол НАТО одақтастарын ЖІӨ-нің екі пайызын қорғаныс саласына жұмсауға шақырды.

"Еуропада соғыс жүріп жатқан шақта екі пайызды қорғаныс саласына жұмсамағанда оны қашан жұмсау керек?" деді британ министрі.

АҚШ президенті Джо Байден 3 қазанда ЕО және НАТО елдерінің басшыларымен Украинаға көмек көрсету мәселесін талқылады. Бұл жөнінде "Америка дауысы" сайты жазды. Өткен аптада АҚШ Конгресі уақытша бюджет туралы құжат қабылдаған, бірақ онда Украинаға көмек қарастырылмаған.

CNN-ның хабарлауынша, Байденмен телефон әңгімеге Канада, Германия, Италия, Польша, Румыния, Ұлыбритания, Франция сыртқы істер министрі, сонымен бірге Еуропа кеңесінің президенттері, Еуропа комиссиясы мен НАТО бас хатшысы қатысқан. Олардың барлығы Украинаны қолдауға дайын екенін білдірген. Байден одақтастарын АҚШ бұл бойынша алған бағытынан таймайды деп сендіруге тырысқан.

XS
SM
MD
LG