Accessibility links

Жетісу облысында екі полиция қызметкері дәріханаларды "заңсыз тексергені үшін" тәртіптік жазаға тартылды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жетісу облысында екі полиция қызметкері дәріханаларды "заңсыз тексергені үшін" жазаланды, деп хабарлады мемлекеттік "Хабар 24" телеарнасы.

Ақпаратқа қарағанда, полиция қызметкерлері мораторийге қарамастан облыстағы жеті дәріхананы рұқсатсыз аралап, рейд жүргізген. Олар фармбизнес өкілдерінің "заң бұзғанын" алға тартып, әкімшілік іске материалдар жинаған. Материалдар тиісті органға жіберілген, алайда прокуратура полицейлердің заңсыз әрекет еткенін анықтаған.

Жетісу облыстық прокуратураның хабарлауынша, қадағалау актісі бойынша аталған шара заңсыз деп танылған, кінәлі тұлғалар тәртіптік жазаға тартылып, оларға ескерту және қатаң сөгіс берілген.

Қазақстанда полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты арыз-шағымдар жиі түседі.

Биыл мамыр айында Петропавл қаласында сот "заңсыз бизнеске қолдау көрсетті" деп айыпталған қалалық полиция басқармасының бөлім жетекшісін 7 жыл түрмеге кесті. Ол "акцизделетін тауарларды заңсыз жүзеге асырғаны үшін" пара алды деп танылған.

Сол айда Астанада "ұшақта ішімдік ішкен жолаушыны ұрып-соққаны үшін" полиция бес жылға сотталды. Соттың хабарлауынша, кіші сержант ер адамға орташа дәрежеде жарақат келтірген. Бес жыл түрме жазасынан бөлек оған бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды.

Маусым айында Алматы қалалық полиция департаменті бір полициы қызметкері әріптесінің оғынан көз жұмды деп хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда полицей "байқаусызда атылған табельдік қарудың" оғынан мерт болған.

Шілде айында Шымкентте "қарамағындағы қызметкерлерден пара алды" деп айыпталған екі полицейдің әрқайсысы 7 жыл түрмеге жіберілді.

XS
SM
MD
LG