Accessibility links

Соғысқа қарсы акция жасаған Ресей журналисі Марина Овсянникова сырттай 8,5 жылға сотталды


Акция жасап тұрған Марина Овсянникова. Мәскеу, 15 шілде 2022 жыл.
Акция жасап тұрған Марина Овсянникова. Мәскеу, 15 шілде 2022 жыл.

Мәскеу соты «Бірінші арнаның» бұрынғы редакторы Марина Овсянникованы «Ресей армиясы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін» 8,5 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы сот залынан RusNews басылымы хабарлады. Овсянникова қазір Ресейде тұрмағандықтан оған үкім сырттай оқылды.

2022 жылдың шілдесінде Кремль маңында пикетке шыққан Овсянниковаға Ресей армиясы туралы "фейк таратты" деген айып тағылған. Сол кезде журналист акцияға "Путин – қанішер, оның солдаттары – фашистер" деген плакат ұстап шықты. Плакатта Украинада өлген балалардың суреті болды.

Прокуратура журналисті 9,5 жылға соттауды сұраған.

Овсянникова 2022 жылы 14 наурызда "Бірінші арнаның" кешкі жаңалықтар эфирінде сөйлеп отырған диктордың артына шығып, "Соғысты тоқтатыңдар. Пропагандаға сенбеңдер. Бұл жерде өтірік айтады" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Диктор сөйлеп жатқанда "Соғысты тоқтатыңдар! Соғысқа жол жоқ!" деп айқайлаған.

Кейін оған заңсыз акция өткізгені үшін 30 мың рубль айыппұл салынды. Осыдан соң журналист Ресейден кетіп, немістің Die Welt басылымына ауысқан.

Овсянникова эфир кезінде соғысқа қарсы акция жасағаны үшін адам құқығы бойынша Вацлав Гавел атындағы сыйлыққа ие болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG