Ресейдің Волгоград қаласындағы мешіт маңында Құран өртеді деп айыпталған Никита Журавельдің ісі сотқа түсті. Алғашқы сот отырысы 9 қазанда өтеді. Бұл туралы Грозный соты хабарлады.
Никита Журавель 2023 жылы мамырда қамауға алынды. Оның үстінен "діни наным-сенімді қорлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кейін Ресей тергеу комитеті құқық қорғаушылардың қарсылығына қарамастан Журавельдің ісін Шешенстанға жіберген.
Тергеу болжамынша, 19 мамырда Журавель "Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасымен Құранды өртеген, сол үшін оған 10 мың рубль уәде етілген”. Тергеу органдарының айтуынша, күдікті “кінәсін мойындаған, Украина қауіпсіздік қызметінің тапсырмасымен әскери нысандарды суретке, видеоға түсірген".
Қыркүйекте Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров ұлы Адам Қадыровтың Грозный қаласындағы уақытша абақтыда отырған Никита Журавельді соққыға жыққан видеосын жариялады. Ол ұлына қолдау көрсетіп, Журавельді "Украина арнаулы қызметінің қолшоқпары" деп атаған.
Baza телеграм-арнасының мәліметінше, Грозный полициясы бұл оқиғаға қатысты Адам Қадыровтың үстінен қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Оған Адамның 15 жаста болғаны, яғни қылмыстық жауапқа тартуға жасы жетпейтіні себеп деп айтылады.
ПІКІРЛЕР