Accessibility links

Үкімет Боранбаевтан тәркіленген мүлікті сатуды не мемлекетке беруді жоспарлайды


Бизнесмен Қайрат Боранбаев сотта тұр. 31 наурыз 2023 жыл.
Бизнесмен Қайрат Боранбаев сотта тұр. 31 наурыз 2023 жыл.

Қазақстан үкіметі сотталған миллионер Қайрат Боранбаевтан тәркіленген мүлікті мемлекет есебіне беруді не сатуды, я сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлайды. Бұл туралы 4 қазанда мәжіліс кулуарында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді.

Министр Жамаубаевтың сөзінше, бұл іспен елде "заңсыз активті қайтарумен" жаңадан құрылған арнайы компания айналысады және процесс 12 шілдеде қабылданған "Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң аясында жүреді.

"Осы заң аясында біз арнайы компания құрдық. Олар [қайтарылған активтерді] бөлумен айналысатын болады. Қажет болған жағдайда біз басқармаға береміз не оны сатып, ақшасын арнайы шотқа аударамыз. Егер бұл іс заңға сәйкес келмесе, онда процессуалдық шешім бар. Олар [активтерді] мемлекеттік мүлікке тапсырады, кейін біз активтерді сатамыз не сенімгерлік басқаруға береміз" деді министр.

2023 жылы 15 қыркүйекте Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Қайрат Боранбаевты алты жыл түрмеге кескен. Сот Боранбаевты "Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi", "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену" және "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" баптары бойынша кінәлі деп таныған.

Одан бөлек үкімге сай, Боранбаев мына мүліктерін мемлекетке қайтаруы тиіс болған:

  • Алматының Әл-Фараби көшесі, 77/7-1 мекенжайында орналасқан құны 686 млн теңгелік жер телімі бар коммерциялық ғимарат;
  • "Халық банктегі" 1 млрд 270 млн 190 мың теңгесі бар есепшот;
  • "Халық банктің" түрлі шоттарындағы 5,6 млн доллар; 1,1 млн доллар; 755,8 млн теңге; 193,1 млн теңге.

Соттан бір күн бұрын, 14 қыркүйекте қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) бизнесмен Қайрат Боранбаев құны 120 млрд теңге болатын активін мемлекетке қайтарғанын мәлімдеген.

Боранбаев биыл наурызда 8 жыл түрме жазасын алған. Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевтың үкімін өзгертіп, қайта қарау туралы шешім шығарды. Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

Forbes басылымы экс-президенттің қызының бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевты Қазақстандағы ең ықпалды бес бизнесменнің қатарына қосқан. Ол елдегі "Есентай молл", "РитсКарлтон", "Рахат Палас", "Алмалы" сынды қонақ үйлерге, сауда орталықтарына толық және жартылай иелік еткен. Шетелде де жылжымайтын мүліктері бар.

Боранбаевтың үстінен іс қозғауға QazaqGaz ұлттық компаниясының газын қайта сату бойынша келісім кезінде 14,6 млрд теңгені жымқырды деген айып негіз болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG