Accessibility links

БАҚ: Түркия ДАИШ құрамында болған қазақ азаматын дәлел жетпегендіктен босатты


Синкан түрмесі.
Синкан түрмесі.

Түркия билігі ДАИШ ("Ислам мемлекеті" террористік тобы) құрамында болды деп күдікке ілінген Қазақстан азаматын қамаудан босатты. Бұл жөнінде Түркияның ақпарат құралдары жазды. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан билігі Түркияның аталған азаматқа қатысты сауалына жауап бермеген. Тиісті дәлел болмағандықтан Түркия соты Қазақстан азаматын сотқа дейінгі кезеңде қамаудан босатқан.

Turkish Minute сайтының жазуынша, Д.К. есімді қазақ азаматы 29 ай қамаудан кейін қыркүйекте Анкарадағы Синкан түрмесінен ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босап шыққан.

Түркия билігінің мәліметіне сүйенген сайттың жазуынша, "Қазақстан жағы осы азаматқа қатысты тиісті құжаттарды бермеген, сол себепті оны әрі қарай қамауға "дәлелдер таппай" босатқан".

Анкара прокуратурасының мәліметінше, Д.К. есімді азамат 2013 жылы Қазақстаннан Египетке кетіп, ол жақтан Түркияға барған. Түркияның құзырлы органдарының болжамынша, "сол жақта ДАИШ-пен байланыс орнатып, кейін Сирияға заңсыз барған. ДАИШ-қа қосылмай тұрып, ол террористік топқа адам жинауға белсене атсалысқан".

"Ол "Муджахиддин" деген видео таратып, Қазақстан азаматтарын "жиһадқа" шақырған. Видеоға Қазақстан арнайы қызметі назар аударып, кейін "Интерполға" хабарлаған. 2014 жылы оған қатысты "қызыл хабарлама" (әлем елдерінің құқық қорғау органдарына оны ұстау туралы сұрау – ред.) шығарылды" деп жазды сайт.

Түркияның құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенген сайттың мәліметінше, Д.К. "Сирияда жүрген кезде оқтын-оқтын Түркияға заңсыз кіріп-шығып, ДАИШ берген жалған құжатпен Түркияны аралаған".

2021 жылы сәуірде Түркия полициясы оны "террористік топқа мүше болды" деген күдікпен ұстап, түрмеге қамаған.

Азаттық Қазақстанның ресми органдарынан аталған оқиғаға қатысты жауап алуға тырысып жатыр.

Д.К. қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен Анкарада тұрып жатыр. Оның ісі бойынша сот тыңдауы 2024 жылдың сәуіріне белгіленген.

Қазақстан ҰҚК 2014 жылы ДАИШ терролық ұйымы қатарында 300 қазақстандық соғысып жүр" деп мәлімдеген. Олардың кейбірі Сирия мен Иракқа отбасыларымен барған. Сирияда ДАИШ жеңіліске ұшырап, ДАИШ содырларының бір бөлігі соғыста қаза болған, кейбірінің отбасы Сириядағы босқындар лагеріне немесе Ирак түрмелеріне қамалған.

2019 жылы Қазақстан билігі Сирияда жүрген азаматтарын қайтаруға арналған "Жусан" операциясын аяқтағанын хабарлаған. 2021 жылы қазанда таратқан мәліметке қарағанда, 2018 жылдан бері Сириядан Қазақстанның 742 азаматы оралған. Оның ішінде 189 әйел, 516 бала бар. ҰҚК мәліметіне қарағанда, елуден астам адам сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG