Accessibility links

Тағы бір қарақалпақ белсендісі қамаудан босап шықты


Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.
Тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

4 қазанда кешке Алматыдағы тергеу изоляторынан қарақалпақ белсендісі Зиуар Мирманбетова босап шықты. Қарақалпақ диспорасының өкілі Ақылбек Мұратбай әлеуметтік желідегі парақшаларында белсендінің босап шыққан сәтінен видео жариялады. Онда белсендінің жақындарымен қауышқан сәті көрінеді.

Қарақалпақ белсендісі Зиуар Мирманбетова былтыр 7 қазанда қамауға алынған. Оған өзбек құқық қорғау органдары "Өзбекстан конституциялық құрылысын күштеп өзгертпек болды" деген күдік келтірген. Өзбек билігінің сұрауымен Қазақстанда қамауға алынған өзге де қарақалпақ белсенділеріне осыған ұқсас күдік туған. Оның босап шығуына экстрадиялау мәселесін қарастыратын уақыттың аяқталғаны себеп болған.

Бұған дейін, қыркүйекте Алматы тергеу изоляторынан қарақалпақ белсенділері Жангелді Жақсымбетов, Қошқарбай Төремұратов және Райса Құдайбергенова да босатылған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, Өзбекстанның оларды экстрадициялау туралы өтініші әлі күшінде. Олар Қазақстаннан пана сұрағанмен әзірге босқын мәртебесін ала алмады.

Ақпаратқа қарағанда, қазір қамау орнында қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева қалған. Ол Ақтөбеде қамауда отыр.

Қарақалпақ белсенділерінің бұлайша қуғындалуын олардың жақтастары 2022 жылы шілдеде Нөкісте болған қанды оқиғамен байланыстырады.

Былтыр қазанда Human Rights Watch аталған белсенділердің Қазақстаннан саяси баспана сұрағанын хабарлаған. Құқық қорғау ұйымының мәліметіне қарағанда, көптен бері Қазақстанда тұратын олар жергілікті қарақалпақ диаспорасына мүше болған. HRW "Өзбекстанда азаптап, саяси желеумен соттауы мүмкін" деп оларды Ташкентке бермеу жөнінде үндеу жасаған.

2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан автономиялық республикасының астанасы Нөкіс қаласында халық жаппай наразылыққа шыққан. Оған Өзбекстан билігінің жаңа конституция жобасына Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жою жөнінде жазғаны себеп болған. Нөкіс оқиғасында Өзбекстан билігі халықтың бейбіт наразылығын күшпен басып, ондаған адам өлген. Бұл оқиғаға байланысты қарақалпақ белсенділерін көп жылға соттаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG