Accessibility links

Тоқаев мектептегі дін мәселесі туралы: Зайырлы мемлекеттің қағидаларын қатаң сақтау керек


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар съезінде сөз сөйлеп тұр. Астана, 5 қазан 2023 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар съезінде сөз сөйлеп тұр. Астана, 5 қазан 2023 жыл.

Қазақстан қоғамында "орамал дауы" бір басылып, бір көтеріліп жатқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев зайырлылық туралы айтты.

“Қазақстан – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс” деді президент 5 қазанда республикалық педагогтар съезінде.

"Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын" деді Тоқаев.

Тоқаев "зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқымды" екенін айтып, "халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз" деді.

Педагогтар жиынында Тоқаев ауыл мектептерін жоғары интернетпен қамтамасыз ету, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою, үш ауысыммен оқыту жүйесінен арылу және өзге мәселелер туралы айтты. Ол кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырғанын, жуық арада жүзеге асатынын жеткізді.

Қазақстандағы мектеп формасы туралы ережеге сай, оқушы пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Мектеп формасы жайлы бұл талапты меншік нысанына қарамастан елдегі жалпы білім беру мекемелерінің барлығы бірдей орындауға міндетті.

Қазақстанда оқушылардың ата-анасы мен мектеп әкімшіліктері арасында "орамал дауы" жиі туындайды. Билік бірыңғай мектеп формасы туралы бұйрыққа барлық оқушы бағынуы керек деп біледі. Ата-аналар орамал оқу процесіне кедергі емес дегенді алға тартып, баланың білім алу құқығы тапталды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG