Accessibility links

Bloomberg: Түркияда Украинада бейбітшілік орнатуды көздейтін үшінші кездесу өтеді


Украинадағы бейбітшілік бойынша екінші кездесу. Тамыз 2023 жыл.
Украинадағы бейбітшілік бойынша екінші кездесу. Тамыз 2023 жыл.

Жылдың аяғында Стамбул қаласында Украинада бейбетшілік орнатуды көздейтін үшінші халықаралық кездесу өтуі тиіс. Бұл туралы Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасай отырып хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, кездесуге қатысушылар Украинада тұрақты бейбітшілікке жету жолдарын талқылайды. Кездесуге түрлі елдердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері, соның ішінде АҚШ өкілдері де қатысады. Bloomberg дереккөзінің айтуынша, ұйымдастырушылар саммитке Қытайдың да қатысқанын қалайды, бірақ Пекин өз өкілін жіберер-жібермесі әзірге белгісіз.

Ресей осы кездесуге, бұған дейін Дания мен Сауд Арабиясында өткен саммиттерге де шақырылмады. Ресей СІМ соңғы кездесуді «Ресейге қарсы коалиция жинауға талпыныс» деп атаған.

Украина мен оның одақтастары Ресей басқыншылығына орай бейтарап ұстанымда қалған елдерді Мәскеуге қарсы шығуға көндіруге талпынып отыр. Мұндай елдер арасында Бразилия мен Үндістан бар.

Алдағы келіссөзде Украина президентінің "бейбітшілік формуласы" деген атпен танылған 10 пунктіден құралған жоспары да талқыланады. Онда Ресей әскерін Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған аумағынан әкету, тұтқындарды босату, елдің ядролық, азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігін сақтау мәселелері жазылған.

Келіссөзден кейін Украина жыл соңына дейін саммит өткізіп, Украина талаптары негізінде әлем елдерінің халықаралық ортақ бастамасын қалыптастыруды көздеп отыр.

XS
SM
MD
LG