Accessibility links

Германияда Әлішер Османовтың мүлкі тексеріліп, көліктері тәркіленді


Әлішер Османов
Әлішер Османов

Бавария полициясы тегі өзбек ресейлік олигарх Әлішер Османовқа тиесілі деп айтылатын бірнеше нысанды тексерді деп хабарлады Reuters.

Құқық қорғау органдары Османовтың Мюнхенде Роттах-Эгерн елді мекеніндегі зәулім үйлеріне тінту жүргізіп, бірнеше қымбат көлігін тәркілеген.

Bild мәліметінше, бес қымбат көлік, олардың ішінде 140 мың еуро тұратын Mercedes Maybach S500 көлігі, 180 мың еуро тұратын Mercedes Brabus жүк көлігі және бағалы заттар тәркіленген.

Арнайы комиссия сот шешіміне сүйеніп әрекет еткенін хабарлаған.

Былтыр да Германияда Османовтың жылжымайтын мүліктеріне тексеру жүргізілген. Сол кезде тергеушілер Бавария, Баден-Вюртемберг, Шлезвиг-Гольштейн және Гамбургтегі жалпы 24 нысанға тінту жүргізгенін жеткізген. Арнайы операцияға 250 адам қатысқан. Ол кезде Османов санкция режимін бұзды деген күдікке ілінген. Олигарх санкцияға ілінген нысандарға күзет қойып, оларға ақша төлеп отырған.

The New York Times басылымы бұған дейін Османовтың Тегернзее көлінің жағасындағы Роттах-Эгернде үш вилласы барын жазған. Жергілікті тұрғындар Османов Роттах-Эгернге жылына кемінде үш рет келіп тұратынын, былтыр ақпанда ЕО оған санкция салған кезде келіп кеткенін айтқан. Бірнеше сағаттан соң Мюнхенге ұшып кеткен. Жергілікті тұрғындар вилласы маңында наразылық жасап, олигархтың мүлкін тұтқындауды талап еткен.

Османовтың баспасөз қызметі сол кезде Роттах-Эгерндегі жылжымайтын мүлік бірнеше жыл бұрын отбасының сенімді өкіліне "ашық әрі заңды түрде" берілгенін мәлімдеген. Баспасөз қызметінің жазуынша, Роттах-Эгерн Османовтың "жүрегінде ерекше орын алады" және ол "шектеу алынып, әділдік орнағаннан кейін ол жаққа ораламын деп үміттенеді" деп хабарлаған.

Әлішер Османов – Ресейдегі ең бай әрі ықпалды адамдардың бірі. Forbes журналының есебі бойынша, 2022 жылы оның дәулеті 14,4 млрд еуро болған. Ресей Украинаға басқыншылық жасағаннан соң Батыс елдері оның шетелдегі мүліктеріне санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG