Accessibility links

Алматы соты бұрынғы әйелін өлтірген ер адамды 11 жылға соттады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты заңгер Айман Асанованың өліміне қатысты істі қайта қарап, айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде соттың баспасөз қызметі хабарлады.

"Сот айыпталушыны қасақана адам өлтірді (99-бап) деп танып, 11 жыл түрме жазасын берді" деп жазылған хабарламада.

Соттың хабарлауынша, айыпталушы тағылған айыптарды мойындамаған, ол жұбайын "қатты күйзеліске ұшыраған күйі" өлтіргенін айтқан.

Бұған дейін 1,5 жыл түрме жазасы туралы сот үкімін жоюды сұрап, апелляциялық шағым түсірген адвокат Жохар Өтебеков Facebook парақшасында "сот айыпталушының ешқандай аффектіде болмағанын анықтады" деп жазды.

"Біз Айманды қылмыскердің жалаң айыптауларынан арашалап алдық" деді Джохар Өтебеков Facebook-тегі парақшасында.

Бастапқыда сот алқасы Айман Асанованың бұрынғы күйеуін 1,5 жыл түрмеге кескен. Сотта айыпталушының әйелге 18 жерден пышақ ұрғаны белгілі болды. Сот "ер адам аффект жағдайында әйелін өлтірді" деген шешім шығарды. Бұған қоса, сот айыпталушының басқа некеден кәмелетке толмаған екі баласы барын ескерген. Судья Еркін Майшинов шығарған үкім қазақстандықтар мен құқық қорғаушыларды наразы етті.

Марқұмның жақындары үкіммен келіспей, үкімді апелляцияға берген. Адвокат Джохар Өтебеков бірінші инстанциядағы үкімді әділетсіз деп атады. Ол Айман Асанованың өлімі бейнеленген видеоны да жариялады.

"Нұртаев (айыпталушы) Айманның қозғалғанын байқайды да қайта келіп, оны соңына дейін ұрып-соғады. (...) Судья Майшинов осы сұмдық жазбаны көрді. Ендеше қалайша осындай жұмсақ жаза береді?" деп жазды видеоға түсініктеме берген адвокат.

Маусымның соңында Алматы сотының апелляциялық инстанциясы Айман Асанованың өліміне қатысты шыққан үкімнің күшін жойды. Іс басқа құраммен қайта қарауға жіберілді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық Қазақстанда ушығып тұрған мәселелердің бірі. Статистикаға сүйенсек, елде Қазақстан әйелдерінің басым бөлігіне күйеуі немесе серігі күш қолданады. Полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама келіп түседі.

Қазақстан ІІМ биыл мамырда жариялаған мәліметі бойынша, елде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 35 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Тек аз бөлігі ғана жазаланған.

БҰҰ мәліметінше, елде жыл сайын шамамен 400 әйел күйеуі немесе серігінің қолынан қаза болады. Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық әлімжеттік азаймай отырғанын айтқан.

XS
SM
MD
LG