Accessibility links

Путин: Пригожин ұшағында қаза тапқандардың денесінен граната сынықтары табылды


ЧВК "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин ұшағы апатқа ұшыраған кезде қаза болғандардың денесінен қол гранатасының сынықтары табылды. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин "Валдай" форумында мәлімдеді.

Путиннің айтуынша, апатқа ұшыраған ұшаққа сырттан әсер болмаған. Оған бұл ақпаратты Ресей тергеу комитетінің басшысы хабарлаған. Путин іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын және алкогольге сараптама әлі жүргізілмегенін айтты.

Путиннің сөзінше, Санкт-Петербургтегі Пригожин кеңсесінде бес келі есірткі мен 10 миллиард рубль қолма-қол ақша табылған.

23 тамызда Ресейдің Тверь облысы Бологов ауданында Embraer бизнес-джеті құлаған. Ұшақ құлаған маңнан он адамның мәйіті табылған. Оның ішінде Евгений Пригожин болғаны айтылды. Ресей тергеу комитеті Евгений Пригожиннің ұшақ апатынан қаза болғанын растаған. Куәгерлер бортта жарылыс болғанын айтады. Апат ауданында зениттік ракета да ұшырылған болуы мүмкін деген болжам айтылған.

The Wall Street Journal АҚШ-тың ресми тұлғалары ұшақ апаты Пригожинді өлтіру мақсатында астыртын сөз байласу нәтижесінде болды деп санайтынын жазған.

Кремль Ресей билігінің ұшақ апатына қатысы барын жоққа шығарған.

  • Евгений Пригожин – Путинге жақын бизнесмен. Ол ресторан бизнесін ұйымдастырушы ретінде танылды. Пригожин Кремльді тамақпен қамтамасыз еткендіктен, жұрт оны "Путиннің аспазы" деп атайды. Кейін Пригожин мен Уткин "Вагнер" жеке әскери тобын құрған. "Вагнер" бейресми түрде Кремльдің атынан Сириядағы, Африкадағы қақтығыстарға, кейін Украинадағы соғысқа қатысты.
  • Украинадағы соғыс кезінде "Вагнер" Бахмут үшін шайқасты. Кейін Пригожин Ресей қорғаныс министрі мен Ресей әскерінің қолбасшыларын жиі сынап, талаптар қоя бастаған. Бүліктен соң "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа араласуын тоқтатып, Пригожин жұрт көзіне сирек түсетін.”
XS
SM
MD
LG