Семейде "Четвёртая стена" театр студиясы балалар қойылымының көрсетілімін өткізе алмағанын мәлімдеді. Театр өкілдерінің айтуынша, қойылымды "гомосексуализмді насихаттайды" деп айыптап, қаралағаннан кейін оны өткізбеу туралы шешім қабылданған.
"Душа подушки" (Жастықтың жаны) қойылымы Семейде – 9 қазанда, Алматыда 12 қазанда республикалық фестиваль аясында өтуі тиіс болған, алайда қойылым авторлары қауіпсіздік мақсатында одан бас тартуды жөн көрген.
—Қаралау жүріп жатыр. Жала жабу, әділетсіздік, қазір осы сияқты жайттарды бастан кешіруге мәжбүрміз. Бұл өте ауыр. Балаларға қатер төндірмес үшін, оларды психологиялық жарақат, буллингтен қорғау үшін көрсетілімді қоймау туралы шешім қабылдадық, – деді Азаттыққа "Четвёртая стена" театр студиясының жетекшісі Инна Семененко.
Қойылым қоюға қатысты мәселелер 2 қазанда "Қазақстандық ата-аналар одағы" бірлестігінің жазбасы жарияланғаннан кейін басталған. Онда аллергиясы бар бала мен гипоаллергенді жастықтың достығы туралы әңгімелейтін пьеса "кәмелетке толмағандар арасында гомосексуализмді насихаттайды, себебі онда сенің жан дүниеңнің қандай болғаны маңызды емес, бастысы сені түсінсе болғаны деген мораль жатыр" деп жазды.
Азаттық тілшісімен әңгімеде "Қазақстандық ата-аналар одағының" жетекшісі Марина Шаймаханова ұйым өкілдерінің қойылыммен танысып шығып, одан "толерантты астар" байқағанын растады.
—Ата-аналардың ақпараты негізінде пост жазды. Олардың айтуынша, мектеп чатына аталған қойылымның афишасын жіберіп, мектеп жасындағы балаларды сол қойылымға шақырып жатыр. Біз қойылымды көріп, толерантты тақырыптың астары барын байқадық, – деді Шаймаханова.
Инна Семененконың айтуынша, аталған одақтың жазбасынан кейін "кибербуллинг толқыны" пайда болып, театр студиясы әлеуметтік желідегі аккаунттарын жабуға мәжбүр болған. Олар "Қазақстандық ата-аналар одағына" шығып, жала жапқан жазбаларын өшіруді, оны терістеп, кешірім сұрауды талап етпек болған. Алайда одақ өкілдері әлеуметтік желіде ҰҚК мен прокуратураға шағым түсіретінін айтты. Семененконың айтуынша, студия қазір заңгермен жұмыс істеп жатыр.
— Барлық мәселені сотқа дейінгі тәртіпте шешуге күш салып көреміз (жазбаны өшіру, мазмұнын терістеп, жария түрде кешірім сұрау). Егер орындамаса, онда намысқа тиетін, іскерлік беделге нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату ісі бойынша сот басталады, – деді ол.
"Душа подушки" (Жастықтың жаны) атты пьеса 2012 жылы шыққан. Авторы Қазақстанда туған ресейлік драматург, халықаралық әдебиет байқауының лауреаты, 1930 жылдардағы көші-қон мен ашаршылық туралы пьесалардың авторы Олжас Жанайдаров
2014 жылы "Душа подушки" (Жастықтың жаны) пьесасына Ресейде де тыйым салуға тырысқан. Кейін жүргізілген сараптама бір жыл бойы көрсетілуіне тыйым салынған фильм гомосексуалимді насихаттамайтынын көрсеткен.
"Қазақстандық ата-аналар одағы" 2021 жылы құрылған. Оның құрылтайшыларының тізімінде 11 адамның аты-жөні бар. Құрылғаннан кейін ұйым "Отбасы институтын құрту. Халықаралық ұйымдардың мақсаты" атты конференция өткізген. Шара барысында ұйымдастырушылар халықаралық ұйымдарды "балалар арасында гомосексуализмді насихаттады" деп айыптаған.