Каратэ кумитеден 60 келіде Қайсар Алпысбай Хуанжоудағы Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол финалда кувейттік Абдулла Шаабанды жеңді - 7:5. Бұл – Қазақстанның Азия ойындарындағы 9 алтын жүлдесі.
Қазақстан каратэшілері қазірге дейін екі алтын, бір күміс, бір қола медаль иеленді. Кеше, 5 қазанда 75 келіде Нұрқанат Әжіқанов Азия ойындарының чемпионы атанған еді.
Қазақстан жалпы есепте 9 алтын, 16 күміс, 40 қоламен 11-орыннан 10-орынға көтерілді.
Жалпы есепте Қытай (183 алтын, 105 күміс, 57 қола) бірінші, Жапония (44-55-60) екінші, Оңтүстік Корея (36-47-82) үшінші орында келеді. Өзбекстан (19-18-26) бесінші, Қырғызстан (3-0-5) 18-орында, Тәжікстан (2-1-4) 23-орында тұр. Түркіменстан бір күміс, төрт қоламен 29-орында.
Азия ойындары 8 қазанда аяқталады. Жарыстың аяқталуына үш күн қалса да Қазақстанның алтын саны онға жетпеді. Бұған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан кемі 15-20 алтын алатын. 2014 жылға дейін Қазақстан жазғы Азиадада жалпы есепте үздік бестіктен түспейтін. 2018 жылғы Азия ойындарында жалпы есепте 9-орында болған.
Биылғы Азиадада Қазақстан 1994 жылдан бері алғаш рет жеңіл атлетикадан алтынсыз қалды. Сондай-ақ 2018 жылғы Азия ойындарында алтын алған дзюдошылар мен семсерлесушілер Қытайдағы жарыста алтын ала алмады.
ПІКІРЛЕР