Accessibility links

Министр Балаева Тоқаевтың әкесінің құрметіне аудитория ашуды "жағымпаздық деп санамайды"


Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесінің құрметіне аудитория ашуды "жағымпаздық" деп санамайды. 6 қазан күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Аида Балаева осылай деп мәлімдеді.

– [Мұндай шара] бұрында да аталып өткен. Бірақ әлеуметтік желі ол кезде жоқ болды, жан-жақты ақпарат аз болды, сондықтан көбі оны білмейді. 90 жылдығында кітаптары шықты, конференция, дөңгелек үстелдер өтті. Ондай мәселе туындап жатқан жоқ, оның керегі де жоқ. Жағымпаздық деп санамаймын, – деді министр.

Осы аптада Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, президенттің әкесі Кемел Тоқаевқа арналған аудитория ашылып, жазушының кітабы таныстырылған. Шара барысында жазушының шығармаларына мақтау айтылып, ол негізін қалаған детектив жанрының маңызы атап өтілген. Әлеуметтік желіде осы шараға қатысты сын айтылып, кейбірі мұны "жеке басқа табыну" деп те бағалаған.

Жұма күні осы дау туралы Аида Балаева “биттей аудитория ашылуына қатысты осындай дау болып жатқаны ұят нәрсе” деді.

“Біріншіден, Кемел Тоқаевтың тұлғасын президенттің әкесі ретінде қабылдамауымыз керек. Ол кісі — белгілі жазушы, қазақ детектив жанрының негізін қалаушы. Екіншіден, cовет үкіметі кезінде кітаптары үлкен тиражбен [шықты]. Оқырмандары іздеп оқитын жазушылардың бірі болды. Журналистика саласына үлкен үлесін қосқан майдангер тұлға. Мұндай шаралар күнде болып жатқан жоқ, 100 жылдық мерейтойына қатысты жасалған" деді министр.

Аудитория ашылған күні ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевқа сұрақ қоймақ болған Азаттық журналисіне университет қызметкерлері кедергі келтірді. Тілшіні күшпен ұстап, қысым көрсетті. Брифинг кезінде Аида Балаева бұл видеоны көрмегенін айтты, бірақ заң бұзылғаны анықталса, шара қолданатынын меңзеді.

– Журналистердің жұмысына кедергі келтіруге ешкімнің құқы жоқ. Ол заңда көрсетілген. Заң бойынша оның жауапкершілігі бар. Өз тарабымыздан түсіндіру жұмыстарын күшейтетін боламыз. ҚазҰУ-мен жұмыс істейміз, - деді министр.

Кей сарапшылар кейінгі кезде елде президенттің әкесі Кемел Тоқаевты ұлықтайтын шаралар жиілеп кеткенін айтып, Назарбаев тұсында кеңінен етек алған “жағымпаздану жарысы” қайта басталды деп санайды. Бұған дейін кейбір Телеграм-арналар "кемелдену" тенденциясы туралы жазған. Назарбаев тұсында да шенеуніктер жағымпаздану, жеке басқа табыну туралы сындармен келіспеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG