Accessibility links

Ашғабатта VPN орнатушыларды ұстап жатыр


Түркіменстанда VPN қолданушылар көбейген сайын оны орнатушыларға қысым артты. Интернетті бұғаттау салдарынан елде VPN қызметіне сұраныс жоғары.

Биліктің тыйымдары мен қудалаулары мұндай бағдарлама орнатушыларды астыртын жұмыс істеуге мәжбүрледі. VPN орнату – Түркіменстанда қауіпті жұмыс.

Ашғабатта мұндай қызмет көрсетушілердің кейбірі 15 тәулікке қамалды. Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілерінің хабарлауынша, қауіпсіздік қызметтері бірнеше адамды ұстаған.

"3 қазанда ұсталған адамдарды қауіпсіздік қызметі алдау арқылы анықтаған. Олар полиция басқармасына түсті. 15 тәулікке қамалып, 15 мың манат айыппұл салынды " дейді дереккөз.

Түркімен билігі елде интернетке толық бақылау орнатуға күш салып жатыр. VPN орнатушыларға ғана емес, осындай қызмет қолданушыларға да қысым күшейді. Мемлекет қызметкерлері мен оқушылардың телефондарын тексеру әдеттегі іске айналған. Жоғары оқу орындарында мұғалімдерден әлеуметтік желілерге кірмеу жөнінде қолхат алады.

Түркіменстан баспасөз бен интернет бостандығы рейтингінде әлем елдері ішінде ең соңғы орындардың бірінде тұр. 2022 жылы Түркіменстан интернеті ең қымбат әрі баяу істейтін елдер тізіміне еніп, интернетті жиі бұғаттайтын он елдің қатарынан табылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG