Accessibility links

Тоқаев Путиннің туған күні Мәскеуге барып, Ресей газын оңтүстікке тасымалдау рәсіміне қатысты


Қазақстан, Ресей және Өзбекстан басшылары Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау рәсіміне қатысып тұр. Мәскеу, 7 қазан 2023 жыл.
Қазақстан, Ресей және Өзбекстан басшылары Ресей газын Өзбекстанға тасымалдау рәсіміне қатысып тұр. Мәскеу, 7 қазан 2023 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазанда – Ресей басшысы Владимир Путиннің туған күні Мәскеуге барды. Ақорда президенттің бұл сапары туралы алдын ала хабарламады – Тоқаев Ресей астанасына жеткеннен кейін барып бір-ақ мәлімдеді.

Тоқаев Путин және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевпен бірге Ресей газын Қазақстан арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының ашылуына қатысты.

"Мәселе энергетика саласындағы үш жақты ірі жоба жөнінде болып отыр, оны жүзеге асыру үшін өткен ғасырдың 60-жылдары салынған Орта Азия – Орталық газ құбыры пайдаланылады. Ол кезде бұл трансконтиненталды еуразиялық бағыт болатын. Сол бағыт арқылы Өзбекстан одақтың сегіз республикасын жылына 80 млрд текше метр газбен қамтамасыз еткен. Енді бұл магистраль реверс режимінде жұмыс істейді және Өзбекстанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы мен Қазақстан сұранысының бір бөлігін қамтамасыз етеді. Қазақстан жылдам қарқынмен дамып жатыр және қосымша энергетика ресурстарына зәру" деді Путин ашылу кезінде.

Украинаға басып кіргеннен кейін Еуропа нарығынан айырылған Ресей кейінгі кезде шикізатын сатып алушыларды іздестіруге көшкен. Мәскеу оны өзіне экономикалық және саяси жағынан тәуелді екі елден тауып отыр.

Сенбі күні Мәскеуде Тоқаев аталған жоба "Ресей газы экспортын әртараптандыруды қамтамасыз етіп", "Қазақстанның газ-көлік инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңартуға ықпал етеді. Өзбекстанның жылына 3 млрд текшеметр табиғи газға деген сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді" деді. Бұған қоса, елдеріміздің өнеркәсібіне дем беріп, бизнес климатты жақсартуға, азаматтардың өмір сапасын арттыруға көмектеседі" деді.

Ашылу рәсіміне Қазақстанның Атырау облысынан видеобайланыспен қосылған Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы жобаны іске қосу үшін "желілерді мен инфрақұрылымдарды жөндеумен байланысты өте ауқымды жұмыс" жүргізілгенін атап өтті.

Ресей, Өзбекстан және Қазақстан арасында "газ одағын" құру туралы ұсынысты былтыр қарашада Путин ұсынған. "Одақ" сөзін бұрын совет билігі құрамында болған Орталық Азия республикаларының халқы нашар қарсы алды (қазір бұл сөздің орнына тараптар "жоба" сөзін пайдаланып жүр). Тоқаев Путиннің ұсынысынан кейін мәселені қарастыруға уәде берген, ал Ташкент "одақ құру" идеясынан бас тартып, газ саласында әріптестік коммерциялық келісімдерге ғана негізделуі тиіс деп "саяси шарттарды газға айырбастамаймыз" деді.

Алайда бірнеше айдан кейін 2023 жылы сәуірде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресей, Өзбекстан мен Қазақстан арасында "газ одағы" мәселесін талқылауда ілгерілеушіліктер барын айтқан.

Жазда Қазақстан жағы Ресей газын Өзбекстанға тасымалдайтын инфрақұрылым 2024 жылы күз-қыста дайын болады деп мәлімдеген. Ал 4 қазанда Сәтқалиев Ресей газын Өзбекстанға тасымалдауды осы айдың соңында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін бастайтынын айтқан. Алайда жобаны іске қосу рәсімі Путиннің туған күні болды.

Путиннің туған күнінде ТМД жетекшілерінің Мәскеуге жиналуы "дәстүрге" айналып барады. Алдыңғы кездесулер ТМД, ҰҚШҰ және Еуразия экономика одағы аясында басшылардың кездесуі форматы аясында өткен. Биыл Ресей астанасына Тоқаевпен бірге Мирзияев те барды. Кремльдің хабарлауынша, Путинді туған күнімен Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та құттықтаған.

Мирзияев пен Тоқаев Мәскеуге Батыс елдеріне сапарынан кейін келіп отыр. Қыркүйекте Нью-Йоркте жоғары деңгейде алғаш рет "АҚШ – Орталық Азия" саммиті өтті. Оған Орталық Азияның бес мемлекетінің басшылары қатысты. Одан кейін Орталық Азия басшылары Германия астанасы Берлинде өткен "Германия – Орталық Азия" саммитіне қатысты. Кездесулер кезінде экономикалық әріптестік пен қауіпсіздік мәселелері талқыланған, Ресейдің Украинадағы соғысы да сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, ақпарат құралдары қатыспаған жиындарда Орталық Азия елдерінің Ресейге қарсы санкция ережелерін сақтау, Ресейге санкцияға ілінген тауарларды тасымалдауға жол бермеу қажеттігі айтылған.

XS
SM
MD
LG