Accessibility links

Батыс елдері ХАМАС-тың Израильге шабуылын айыптады. Түркия мен Ресей тараптарды сабырға шақырды


Израиль, 7 қазан 2023 жыл.
Израиль, 7 қазан 2023 жыл.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі ведомство басшысы Жозеп Боррель Брюссель Израильдегі оқиғаларды алаңдаушылықпен бақылап отыр деп мәлімдеді. "ХАМАС-тың шабуылын сөзсіз айыптаймыз" деп жазды Боррель Twitter-дегі парақшасында. Дипломат ЕО Израильмен бірге екенін мәлімдеді.

Германия сыртқы істер министрі Анналена Бербок та Газа секторы жағының Израильге шабуылын айыптап, бейбіт азаматтарға күш қолдануды дереу тоқтатуға шақырды. "Біз Израильмен толық біргеміз" деді Бербок.

"Ұлыбритания ХАМАС-тың Израиль азаматтарына жан түршігерлік шабуылын сөзсіз айыптайды. Ұлыбритания Израильдің өзін-өзі қорғау құқығын әрдайым қолдайды" деп жазды Ұлыбритания қорғаныс министрі Джеймс Клеверли Twitter-дегі парақшасында.

Түркия президенті Режеп Ердоған және Ресей сыртқы істер министрлігі тараптарды сабырға шақырды. Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова қақтығысты тек саяси-дипломатия жолдарымен реттеуге ғана болады деді.

Украина басшысы Владимир Зеленский израильдіктердің қаза болуына байланысты көңіл айтты.

"Әлемнің кез келген бөлігінде террорға жол бермеу керек, себебі террор әрдайым бір ғана елге немесе нақты бір адамға қарсы емес, тұтас адамзатқа қарсы жасалады" деп жазды Зеленский телеграм-арнасында.

Сауд Арабияның сыртқы істер министрлігі израильдіктер мен палестиналықтар арасында қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Сауд Арабиясы теңдессіз оқиғаның дамуын мұқият бақылап отыр, деп жазылған ведомство хабарламасында.

Тегеран палестиналық топтарды қолдады, деп мәлімдеді Иран рухани басшысының көмекшісі генерал Рахим Сафави.

Сирия басшысы Башар Асадтың Facebook-тағы ресми парақшасында палестиналық топтарды қолдаған жазба жарияланған.

Катар СІМ тараптарды қақтығысты ушықтырмауға шақырып, оқиғаға Израилді кінәлады.

Палестина автономиясының жетекшісі Махмуд Аббас Палестина халқының "басқыншыл әскерден" қорғануға құқығы бар деді. Оның сөзінен Reuters агенттігі үзінді келтіреді.

  • 7 қазан таңертеңнен бастап Газа секторын бақылайтын ХАМАС тобы Израильді жаппай атқылай бастаған. BBC-дің жазуынша, ХАМАС тобының шабуылы салдарынан Израильде 250 адам қаза болған, 1,8 мыңға жуық адам жарақат алған. Ал Израиль жағының жауап ретінде берген соққысынан Газа секторында кемінде 232 адам мерт болған.
XS
SM
MD
LG