Accessibility links

"Ұзақ әрі ауыр соғысқа кірістік". Нетаньяху ХАМАС-қа қарсы ірі әскери кампаниясын жариялады


Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбіге қараған түні қауіпсіздік кабинеті ХАМАС тобының үкіметі мен әскерін жоюды көздейтін әскери кампания бастауды мақұлдағанын мәлімдеді. Газа секторының жеті ауданында тұратын бейбіт тұрғындарға атқылауға ұшырамас үшін үйлерінен кетуге кеңес берілді.

"Ұзақ әрі ауыр соғысқа кірісеміз. Израиль азаматтары, бұл операция емес – соғыс. ХАМАС-тың шабуылы бізді соғысқа мәжбүрледі" деді Нетаньяху халыққа жолдауында.

Премьер-министрдің сөзінше, "Темір қылыш" әскери кампаниясының алғашқы кезеңінің мақсаты – Израиль аумағына кірген ХАМАС содырларын жою. Екінші кезеңде Израиль аумақты ХАМАС содырларынан тазалап, олардың басшыларын жоюды, тұтқынға түскен израильдіктерді босатуды көздейді.

Сенбі күні кешке Израиль армиясы Газа секторына артиллериядан дүркін-дүркін соққы жасады. Палестинадағы дереккөздер ХАМАС тобымен байланысты компаниялардың кеңсесі орналасқан әл-Уатан мұнарасының бұзылғанын хабарлады. Сенбі күні күндіз араб редакциялары орналасқан әл-Галаа ғимараты қираған. Бомбаламас бұрын Израиль армиясы ғимарат ішінен барлық адамның шығуын талап етіп, ескерту жіберген.

BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, жексенбі күні түнде Израиль Газа секторына бірнеше рет әуеден соққы жасаған. Соңғы мәлімет бойынша, Газада 250-ден астам тұрғын қаза болып, 2000 адам жарақат алған.

Жексенбі күні Израиль қызметі ХАМАС-тың сенбі күні шабуылының салдарынан 300-ден астам өлгенін, 1500-ден астам адам жараланғанын хабарлады. Jerusalem Post мәліметінше, шамамен 750 Израиль тұрғыны із-түзсіз жоғалған.

Түнде Израиль аумағын да атқылау жалғасқан. Таңертең Ливан жағының Израильді минометпен атқылағаны хабарланды.

Израиль күштері Сдероттағы полиция ғимаратын бақылауға алған. Елдің оңтүстігіндегі Беэри кибуцінде кепілге алынған адамдардың барлығы босатылған. Офакимде кепілге алынған екі адам босатылған.

ХАМАС күштерінің қанша адамды тұтқынға алғаны белгісіз. ХАМАС содырларының алғашқы нысаналарының бірі сенбі күні Газа секторымен шекараға жақын жерде Негев шөлінде өткен Nova Festival болған. Оған 2 мың шақты жас жиналған. Шабуыл барысында фестивальға келгендердің көбі өлген, кейбірі кепілге алынып, Газа секторына әкетілген.

БҰҰ және халықаралық қауымдастық ХАМАС-тың Израильге шабуылын айыптады. Әлемнің көптеген қалаларында ынтымақтастық акциялары өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG