Accessibility links

Ауғанстанда қуатты зілзаладан екі мыңнан астам адам қаза болғаны хабарланды


Жер сілкінісінен қираған үйлерді аршып жатқан адамдар. Ауғанстан, Герат провинциясы, 7 қазан 2023 жыл.
Жер сілкінісінен қираған үйлерді аршып жатқан адамдар. Ауғанстан, Герат провинциясы, 7 қазан 2023 жыл.

Ауғанстанда құтқарушылар қуатты зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. 7 қазанда күндіз елдің батысында Герат қаласынан 40 шақырым жерде магнитудасы 6,3 балдық қуатты жер сілкінісі болды. Кемінде үш ірі афтершок болған.

Қаза болғандарға қатысты түрлі дерек айтылып жатыр. Жергілікті билікке сүйенген БҰҰ-ның гуманитарлық істерді үйлестіру кеңсесі 100 адам қаза болғанын, 500 адам жарақаттанғанын айтты. Алайда 8 қазанда таңертең "Талибан" үкіметі қаза болғандар 2 мыңға жуықтағанын айтты.

Табиғи апат министрлігінің ресми өкілі Жанан Сайық молла Reuters агенттігіне 2053 адам өлгенін, 9240 адам жараланғанын, 1329 үй қирап, бүлінгенін айтты.

АҚШ геологиялық қызметі магнитудасының ең жоғарғысы 6,3 болатын бірнеше жер сілкінісін тіркеді, соңғы афтершок 70 мың халқы бар Зинда Жан қаласының солтүстік-шығысынан 30 шақырым жерде тіркелген.

Табиғи апат министрлігінің өкілдері Зинда Жан ауданындағы төрт елді мекеннің жер сілкінісінен қатты зардап шеккенін айтты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зардап шеккендерді ауруханаға эвакуациялау үшін 12 жәрдем көлігін Зинда Жанға жіберген.

Герат провинциясындағы Жибрил ауданы тұрғындарының бірі Азаттықтың Ауған қызметіне берген сұхбатында зілзаладан жұрттың қатты үрейленгенін айтты.

"Бірінші жер сілкінісі таңертеңгі сағат 11:15 шамасында болды. Одан кейін тағы бірнеше рет дүмпу болды, жұрттың барлығы үйлерінен қашып шықты, ешкім үйлерінде қалған жоқ, себебі олар жер сілкінісі тағы қайталана ма деп қорқып қалған" деді Банафша есімді тұрғын.

Ауғанстанның солтүстік батысындағы Герат аймағында жер сілкінісі жиі болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG