Accessibility links

Польша президенті: Таяу Шығыстағы қақтығыс Ресейге тиімді, ЕО-ға көші-қон қысымын арттырады


Газа секторынан ұшырылған ракета түскен ғимараттар. Тель-Авив, Израиль, 8 қазан 2023 жыл.
Газа секторынан ұшырылған ракета түскен ғимараттар. Тель-Авив, Израиль, 8 қазан 2023 жыл.

"Хамас" пен Израиль арасындағы қақтығыс Ресейге тиімді, себебі ол әлем назарын Мәскеудің Украинаға басқыншылығы мәселесінен басқа жаққа бұрады және қақтығыс Еуропаға жаңа көші-қон қысымын туғызуы мүмкін. Жексенбі күні Польша президенті Анджей Дуда осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters жазды.

Ресей басып кіргелі бері Киевті тұрақты қолдап келе жатқан Польша осы уақыт аралығында миллионнан астам украин босқынын қабылдады. Алайда Варшава ЕО-ның өзге бағыттан келген заңсыз мигранттарды қабылдау туралы талаптарын орындамаған.

"Бұл [қақтығыс] Ресейге тиімді. Бұл әлем назарын басқа жаққа аударады... Алайда өкінішке қарай бұл бірінші кезекте Еуропаға көші-қон қысымын туғыза ма деп қорқамын. Бізді Таяу Шығыстан тағы бір мигранттар толқыны күтіп тұрған сияқты... Біздің қауіпсіздігіміз, Польша шекарасын қорғау әрине, Еуропа одағы мен Шенген аумағының шекаралары маңыздырақ бола түседі" деді Дуда жекеменшік Polsat News арнасына берген сұхбатында.

2021 жылдың жартысынан бері Польша, Литва және Латвияға Таяу Шығыс және Африка елдерінен мигранттар ағылған. Олар Беларусь аумағы арқылы заңсыз өтуге тырысқан. Бұған дейін Балтық елдері мен Польша Минскіні мигранттарға шекарадан өтуге көмектесті деген айып таққан, Минск оны жоққа шығарған.

Израиль соғыс жағдайын жариялады. Мұндай шешімді үкімет қабылдап, "40-Алеф пунктін" іске қосты. Осының нәтижесінде армия әрекет ету еркіндігіне ие болып, тек саяси басшылыққа ғана есеп беруге міндетті болады.

Оның алдында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "ХАМАС әскері мен үкіметін жоюды көздейтін" әскери кампания бастағанын хабарлаған. Газа секторының жеті ауданында тұратын бейбіт тұрғындарға атқылауға ұшырамас үшін үйлерінен кетуге кеңес берілді.

"Ұзақ әрі ауыр соғысқа кірісеміз. Израиль азаматтары, бұл операция емес – соғыс. ХАМАС-тың шабуылы бізді соғысқа мәжбүрледі" деді Нетаньяху халыққа жолдауында.

Израильде запастағы қызметкерлерді мобилизациялау басталды. Азаматтар зардап шеккендерге қан тапсыру үшін аурухана алдында кезекке тұрды.

БҰҰ және халықаралық қауымдастық ХАМАС-тың Израильге шабуылын айыптады. Әлемнің көптеген қалаларында ынтымақтастық акциялары өтіп жатыр.

XS
SM
MD
LG