Accessibility links

Қарағандыда жаппай уланған балалардың соңғы екеуі ауруханадан шыққан


Қарағанды облысындағы балалар орталығының қақпасы
Қарағанды облысындағы балалар орталығының қақпасы

Қарағанды облыстық ауруханасынан осы облыстың балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жаппай уланудан кейін түскен екі баласы шықты. Бұл жөнінде 9 қазанда Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Басқарманың хабарынша, ауруханаға түскен орталықтың 12 тәрбиеленушісі осымен толық орталыққа қайтқан. Ресми ақпаратқа қарағанда, балалардың бәрі орталық дәрігерінің бақылауында тұр.

Жаппай улану себебі әлі күнге аталмаған. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 26 қыркүйекте өткен брифингте "тергеу әлі анықтап жатыр" деп жауап берген. Қыркүйектің соңында ауруханада бес бала қалған.

Шілденің соңында Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы 12 бала белгісіз заттан уланып ауруханаға түскен. Екі бала ауруханада көз жұмып, алты бала жансақтау бөліміне жатқызылған. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлаған.

Биліктің мәліметіне қарағанда, уланған күні көз жұмған бала "ауа жетпей тұншыққан". Уланған балалардың температурасы көтеріліп, құсқысы келген, іштері ауырған. Мекемедегі 160 баланың тең жартысы ұлдар. 10 жастан 18 жасқа дейінгі балалар зардап шеккен.

Бұл оқиғадан соң орталықтың 12 медқызметкері жұмысынан шеттетілген.

Қазақстан бас прокуратурасы 1 тамызда "Ауыр зардаптарға соққызған санитарлық ережелер мен гигиена нормаларын бұзу" бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлаған. Одан бері істің қалай жүріп жатқаны беймәлім.

Бұл мемлекеттік мекемедегі балалардың көпшілігіне белгілі бір медициналық диагноз қойылған. Арасында жетімдер, ата-аналары бас тартқан балалар мен толық емес отбасылардың балалары бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG