Accessibility links

Ресей басқыншылығын айыптап, Қазақстанға бас сауғалап келген саха белсендісі Алматыда ұсталған


Саха белсендісі Айхал Аммосов
Саха белсендісі Айхал Аммосов

Қазақстанда тұрып жатқан саха музыканты және азаматтық белсенді Айхал Аммосовты дүйсенбіде белгісіз адамдар алып кеткен. Саха тәуелдіздігін көздейтін "Сопротивление" қозғалысының хабарынша, Аммосовты жай киім киген адамдар көлікке отырғызған.

Sota телеграм-арнасының жазуынша, кейінгі күндері Қазақстан қауіпсіздік қызметі Аммосовтың ізіне түскен. Бұл жөнінде арна Аммосовтың таныстарына сүйеніп хабарлады. Олардың сөзінше, полицейлер белсендіге уақытша тұруға рұқсат алуға көмектескен адамға келіп, оның тұрғылықты жерін сұраған (белсенді Астанада тіркелген, бірақ Алматыда тұрған).

Кейін бурят журналисі Евгения Балтатарова телеграм-арнасында Айхал Аммосовтың табылғанын хабарлады. Оның сөзінше, белсенді дүйсенбі күні кешке Масанчи көшесіндегі полиция ғимаратында болған.

Бұл оқиғаны Азаттық Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметінен сұрады. Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қоңырауға жауап бермеді. Азаттық қызметкерден WhatsApp желісі арқылы ақпарат сұрады, бірақ жаңалық жарияланған уақытқа дейін полициядан жауап келмеді.

Қазақстандық Адам құқығын қорғау бюросының заңгері Денис Живаго Азаттыққа бюро қызметкерлері Аммосовтың жағдайынан хабардар екенін айтты. Құқық қорғаушы "анықтап жатырмыз" деп, әзірге айтатын басқа ақпараты жоқ екенін жеткізді.

Айхал Аммосов (паспорттағы аты-жөні: Игорь Иванов) — Якутияның (Саха) тәуелсіздігін көздейтін қозғалыс белсендісі. Ол Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанына қарсы шыққан.

Наразылық акцияларынан кейін Аммосовқа граффити, плакат пен пикет үшін "Ресей әскеріне тіл тигізді" деп әкімшілік хаттамамен үш рет айыппұл салынып, 2022 жылдың тамызында осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыдан соң Аммосов Қазақстанға көшіп келді.

Аммосовтың айтуынша, ол Қазақстан арқылы Еуропа елдерінің біріне кеткісі келген.

Былтыр қыркүйекте Қазақстан ІІМ отанында үстінен қылмыстық іс қозғалған ресейліктерді ұстайтынын және Мәскеуге беретінін мәлімдеген. Өткен аптада Sota телеграм-арнасы Қазақстанда абақтыда отырған ресейлік Наталья Нарскаяға экстрадиция қаупі төнді деп хабарлады. Оған Ресейде "бұқаралық ақпарат құралдары арқылы экстремистік әрекетке шақырды, әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG