10 қазанда Ақтөбе қаласының №2 соты осы облыстың экс-әкімі Ермек Имантаевты мемлекет жерін заңсыз сатып жіберді деп айыптап, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушыдан мемлекет пайдасына 199,4 млн теңге өндірілетін болды. Судья Теміржан Алданов шығарған үкім күшіне енген жағдайда Имантаев өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.
Тергеу Ермек Имантаевты "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына басшылық еткен кезде мемлекетке тиесілі 23,9 гектар жерді заңсыз сатып жіберді" деп айыптайды. Келтірілген шығын 199 млн 400 мың теңге деп бағаланған.
Имантаев сот үкімімен келіспейді. Ол о бастан өзіне тағылған айыпты мойындамай, жер учаскесін сату туралы шешімді бірнеше адам бірге қабылдағанын, бірақ бір өзі ғана қылмыстық жауапқа тартылғанын айтқан.
Сот тергеуі аяқталуға жақынғандағанда Ермек Имантаев 12 күн бойы тергеу изоляторында аштық жариялады. Сотталушы 28 қыркүйекте басталған аштығын бүгін, 10 қазанда тоқтатқан. Үкім оқылған кезде экс-әкім сот залында болған жоқ. Үкімді тергеу изоляторында отырып, онлайн тыңдады.
- Денсаулығым нашарлап кеткендіктен аштықты тоқтаттым. Дәрігер аз [өмірің] қалды деді. Отбасымды, балаларымды ойладым. Өз құқығым үшін күресті жалғастыруым керек. Әлсіреп қалдым. Бүгін жасанды жолмен тамақтандырғылары келген. Мен бас тартып, өз бетімше ас іше бастадым, - деді онлайн байланысқа шыққан Имантаев.
Сотталушы Ермек Имантаев "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын 2019 жылғы қараша мен 2021 жылғы наурыз аралығында басқарған. Оған дейін әр жылдары президент аппаратында мемлекеттік инспектор болған, республикалық есеп комитетінде істеген. Ермек Имантаев 2002-2004 жылдар аралығында Ақтөбе облысының әкімі болды. Ол Ақтөбедегі тергеу изоляторына биыл 10 ақпанда қамалған.
ПІКІРЛЕР