Accessibility links

Израиль арнасы Газа маңындағы кибуцта "ондаған" бала өлі табылғанын хабарлады


ХАМАС содырлары шабуыл жасаған Кфар Аза кибуцында қаза тапқан адамдар жатқан жерде жүрген Израиль сарбаздары.
ХАМАС содырлары шабуыл жасаған Кфар Аза кибуцында қаза тапқан адамдар жатқан жерде жүрген Израиль сарбаздары.

Шетелдік және израильдік журналистер сейсенбіде Газа секторы шекарасына жақын орналасқан Кфар Аза кибуцына барды. Бұл кибуцты палестиналық ХАМАС радикал қозғалысының қарулы адамдары сенбі күні бірнеше сағатқа басып алған. Олардың айтуынша, кибуцта ондаған бейбіт тұрғын өлтірілген, 70-тен 200-ге дейін адам қаза тапқан деген ақпарат тарады.

i24NEWS кибуцта кісі қолынан өлген 40 бала табылған, арасында жантүршігерлік азаптау көрген нәрестелер де бар деп хабарлады. The Independent басылымы да Израиль армиясының өкіліне сүйеніп, өлтірілген балалар туралы ақпарат таратты. Әзірге кибуцта қанша адам қаза тапқаны ресми түрде айтылған жоқ.

Израиль генералы Итай Верув журналистерге берген сұхбатында өмірінде мұндай зорлық-зомбылықты ешқашан көрмегенін айтты. Оның сөзінше, шабуыл жасағандар кибуцтағы тұрғындарды бүкіл отбасымен, сәбилерімен қоса қырып тастаған. "Бұл соғыс емес, бұл – қырғын, бұл – террор" деді ол.

Бұған дейін бірнеше куәгер шекара маңындағы Израиль жерінде бейбіт және қарусыз адамдар қырғынға ұшырағанын айтқан еді. 10 қазанда Беэри кибуцында ХАМАС шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адам табылғаны хабарланды. Ең көп құрбан саны ашық аспан астындағы SUPERNOVA музыка фестиваліне келгендер арасында болуы мүмкін. Ол жерде 250-ге жуық адам өлтірілген деген болжам бар. Олардың ішінде түрлі елдің азаматтары бар, кейбіреуі кепілге алынған.

7 қазаннан бері ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылынан осы елдің кемінде мың тұрғыны қаза тауып, үш жарым мыңнан астам адам жараланған. Израиль билігі қатаң қарымта қайтаратынын, Газа секторындағы ХАМАС-тың әскери инфрақұрылымын түбегейлі жоятынын мәлімдеді.

Газа секторындағы денсаулық сақтау мекемесі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG