Accessibility links

Президент Байден: ХАМАС – террористер, АҚШ Израильді қолдайды


АҚШ президенті Джо Байден брифингте сөйлеп тұр. Сол жақта АҚШ вице+-президенті Камала Харрис, оң жағында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен тұр. Вашингтон, Ақ үй, 10 қазан, 2023 жыл.
АҚШ президенті Джо Байден брифингте сөйлеп тұр. Сол жақта АҚШ вице+-президенті Камала Харрис, оң жағында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен тұр. Вашингтон, Ақ үй, 10 қазан, 2023 жыл.

АҚШ президенті Джо Байден 10 қазан кешке Ақ үйде Палестинаның ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылына және Израиль мен Газа секторындағы ұрыс қимылдары туралы сөз сөйледі. АҚШ президенті ХАМАС-тың әрекетін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремист тобы жасаған ең қанқұйлы терактілерді еске түсіретін "нағыз зұлымдықтың өзі" деп сипаттады.

АҚШ президентінің сөзінше, "ХАМАС Палестина халқының құқығын қорғамайды, оның алға қойған жалғыз мақсаты – еврейлерді өлтіру".

Байден шабуыл салдарынан мыңға жуық адам қаза тапқанын айтып, оның ішінде 14 АҚШ азаматы барын мәлімдеді. Шабуыл жасаған жиһадшылар бейбіт адамдарды, соның ішінде балалар мен қарттарды, Холокост кезінде аман қалған адамдарды өлтірген деді АҚШ президенті. Ол ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған адамдарды еске салды, олардың арасында Америка азаматтары бар екені айтылды.

Байден сөзінде АҚШ-тың Израильді қолдайтынын бірнеше мәрте айтты. Оның сөзінше, Израильдің өзін қорғауға "құқығы ғана емес, міндеті де бар". Байден Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаняхуды "соғыс заңын сақтауға" шақырғанын мәлімдеді.

Байден Израильді қолдауға қосымша қаражат бөлу мәселесін, Израильдің қорғанысын қажетті құралдармен қамтамасыз ету жайын Конгреспен бірлесіп қарастыратынын айтты. Ол көбіне әуе қорғанысы құралдары туралы сөйледі. Қажет болса АҚШ аймаққа қосымша әскери күш жіберуге дайын деді Ақ үй басшысы. Байден АҚШ кез келген үшінші мемлекет немесе ұйымдарға қақтығыстың ушығуын пайдаланбау туралы алдын ала ескертетінін мәлімдеді. Президент Америка халқын бірлікке үндеп, қазіргі сәтте Израильді қолдау саясат мәселесі емес, ол әлем бойынша, соның ішінде АҚШ-та қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі екенін айтты.

Сейсенбі күні кешке АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің жақын арада Израильге баратыны белгілі болды. Ол ХАМАС тобы Израильден кепілге алынған адамдарды босату мәселесін талдайды.

7 қазаннан бері ХАМАС радикал тобының Израильге шабуылынан осы елдің кемінде мың тұрғыны қаза тауып, үш жарым мыңнан астам адам жараланған. Газа секторындағы денсаулық сақтау мекемесі "сенбіден бері 830 палестиналық қаза тауып, 4250 адам жараланды" деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG