Accessibility links

Израильде қаза тапқан адам саны 1200-ге, Газада – 950-ге жетті


Израиль сарбаздары елдің оңтүстігіндегі, ХАМАС радикал тобының шабуылынан қатты зардап шеккен Кфар-Аза кибуцында жүр. 10 қазан, 2023 жыл.
Израиль сарбаздары елдің оңтүстігіндегі, ХАМАС радикал тобының шабуылынан қатты зардап шеккен Кфар-Аза кибуцында жүр. 10 қазан, 2023 жыл.

Израиль мен Палестина тараптарының ресми мәліметінше, Израильде қаза тапқан адам саны 1200-ге, Газа секторында – 950-ге жеткен. Екі жақтан жиынтығы он мыңға жуық адам жараланған. ХАМАС шамамен жүзден астам адамды кепілде ұстап отыр дейді Израиль тарабы.

БҰҰ дерегінше, 260 мыңнан астам палестиналық – Газа секторы халқының оннан бір бөлігінен астамы үй-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған. Бұған дейін Израиль үкіметі Газа секторын электр жарығымен, азық-түлікпен және сумен қамтамасыз етуді тоқтатқан. БҰҰ Израильдің бұл шешімін айыптады. NBC News мәліметінше, қазір АҚШ Газа секторындағы палестиналықтар мен америкалықтарды эвакуациялау жөнінде гуманитарлық дәліз ашу мәселесін Египетпен пысықтап жатыр.

Израиль армиясы сәрсенбіге қараған түні Газа секторындағы 80-нен астам нысанаға шабуылдағанын хабарлады. Оның ішінде "ХАМАС пайдаланатын банк филиалдары", жерасты жолдары мен түрлі әскери нысан бар.

ХАМАС тобының баспасөз хатшысы Абу Обейда мен әскери қолбасшысы Мохаммед Дейфтің туыстарының үйі шабуылға ұшыраған. Израиль ақпарат құралдары шабуыл салдарынан Дейфтің ағасы ұлы және немересімен бірге қаза болған деп жазды.

Палестина тарабының ақпаратынша, Израильдің Газа секторына жасаған қарымта шабуылынан ондаған үй, зауыт, мешіт және дүкен бүлінген.

Сирия мен Ливан аумағынан Израильге бірнеше миномет снаряды атылған соң, Израиль армиясы оларға қарымта соққы берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG