Accessibility links

"Қазақстан" шахтасынан жүзден аса жұмысшы эвакуацияланды


"Қазақстан" шахтасы. 2017 жылғы сурет.
"Қазақстан" шахтасы. 2017 жылғы сурет.

Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасын түтін басуына байланысты жүзден аса жұмысшы эвакуацияланды. Бұл туралы жергілікті ақпарат агенттіктері шахтаны игеріп жатқан "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына (АМТ) сілтеме жасап хабарлады.

АМТ-ның хабарлауынша, 11 қазанда "Қазақстан" шахтасында 17 тамыз болған апаттан кейінгі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанда шахта астындағы бір бөлік қызып кеткен.

"Температура қызып кеткен соң шахтадағы барлық 106 жұмысшы жер бетіне шығарылды, зардап шеккендер жоқ" деді АМТ баспасөз қызметі.

17 тамызда Шахтинск қаласындағы "Қазақстан" шахтасында апат болып, бес адам қаза тапқан, ондаған адам зардап шеккен еді. Ақпаратқа қарағанда, конвейер лентасы өртеніп, қатты түтін және жоғары температураның салдарынан 5 адам шахтадан шыға алмай қалған.

Апаттан кейін үкімет құрған комиссия шахтадағы жағдайға жұмыс беруші кінәлі деп тапқан. Ал билік "АрселорМиттал Теміртауды" өндірісті жаңарту және инвестиция тарту мәселесі бойынша алған міндеттемелерін орындамады деп айыптаған. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "АрселорМиттал Теміртаудың" елден кетуі бойынша саяси шешім қабылданып қойғанын айтқан еді. Қазір компания жұмысын жалғастырып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG