Accessibility links

Ашғабатта біреулер блогер Мұхаммед Маммедовті өлтіріп кеткен


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

4 қазанға қараған түні Ашғабатта соққыға жығылған блогер әрі стендап-орындаушы Мұхаммед Маммедов көз жұмды. Бұл туралы Turkmen.news басылымы жазды.

Мәліметке қарағанда, 30 жастағы блогер досымен бірге түнгі сағат екілер шамасында үйіне қайтып бара жатқанда бірнеше адам шабуыл жасаған. Олар блогерді қатты сабап, жанындағы досына тиіспеген.

Түркімен шоу-бизнесінің аты-жөнін айтқысы келмеген өкілінің айтуынша, оқиға Ашғабаттың 11 шағын ауданында, Маммедовтің үйіне жақын жерде болған. Ертесіне оның денесін әкесі мен ұлы тапқан.

Мұхаммед Маммедовтің денесі 6 қазанда туған жерінде жерленген.

Turkmen.news басылымының жазуынша, ол бір ай бұрын Түркиядан оралған.

"Марқұмның әріптестері мен әлеуметтік желі қолданушылары түрлі болжам айтып жатыр. Біріншіден, бір топ адам оны үйінің жанында сабап кеткен. Демек, олар күні бойы оны күткен ғой. Екіншіден, Ашғабатта әр қадам сайын полиция қызметкерлері күні-түні жүреді. Олар бұл оқиғаны қалайшы байқамай қалған?" деп жазды Turkmen.news.

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны-қозғалмағаны белгісіз. Блогердің өліміне байланысты түркімен билігі түсініктеме берген жоқ.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, Маммедов видеоларын Instagram және YouTube сияқты әлеуметтік желілерге жариялаған. Ол түркімен және орыс тілдерінде стендап жасаған.

Түркіменстанда Facebook, Instagram және YouTube сияқты ірі әлеуметтік желілер бұғатталған. Оларға тек VPN арқылы ғана кіруге болады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, билік кез келген медиа, интернет-инфлюенсерлердің жұмысын қатаң бақылап отыр. Бұған дейін Азаттықтың Түркімен қызметі билік елде блогерлерді "гүлденген Түркіменстан жайлы" жазбалар жариялауға міндеттегенін жазған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Түркіменстанды интернетті қатаң шектегені үшін сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG