Accessibility links

Transparency International қазақстандық "шетел агенті" тізімі жөнінде: Ресей тәжірибесін қайталайды


Transparency International логосы.
Transparency International логосы.

Халықаралық Transparency International үкіметтік емес ұйымы өткен айда Қазақстан қаржы министрлігі жариялаған шетелден қаржы алатын қазақстандықтардың тізіміне қатысты алаңдаушылық білдірді.

"Бұл қадам Қазақстанда тәуелсіз БАҚ пен азаматтық қоғамның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін",- деп жазылған 10 қазанда жариялаған TI мәлімдемесінде.

20 қыркүйекте Қазақстан қаржы министрлігінің кіріс комитеті ресми сайтында шетелден қаржы алатындардың тізімін жариялаған (ресми атауы — "Шетел мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алған және жұмсаған тұлғалар туралы деректер базасы". — Ред.).

Тізімге 200 ұйым кірген. Олардың ішінде Қазақстанға танымал құқық қорғау ұйымдары, журналистер және блогерлер бар.

Билік бұл тізім былтыр қабылданған Салық кодексіне сәйкес жарияланды дейді.

Transparency International ұйымының айтуынша, азаматтық қоғамның халықаралық ұйымдардан қаржы алу мүмкіндігін шектеу талпынысы және тізімді жариялау FARA заңына қайшы (1938 жылы АҚШ-та қабылданған The Foreign Agents Registration Act заңы) және Ресейдің "шетел агенті" заңы мен тәжірибесін қайталап жатыр. Мәскеу "шетел агенттерінің" тізімін жариялап, ұдайы ұзартып келеді. Жылдар бойы Ресей билігі осы заңды азаматтық қоғам өкілдерінің үнін өшіріп, құқық қорғау ұйымдары мен тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасау тетігі ретінде пайдаланып келді.

TI Қазақстанда бұл тізімге кірген көптеген азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар бақылауға алынуы мүмкін деп алаңдайды.

Қазақстан мемлекеттік кіріс комитеті сәуір айында жаңа заңнама "үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарға деген қоғам сенімін арттыруға бағытталған" деп мәлімдеген. Алайда сарапшылар мұны азаматтық қоғамға қысым деп санайды.

Кей қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, билік жариялаған тізім толық емес, себебі онда шетелден қаржы алатын мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар туралы ақпарат жоқ. Қаржы министрлігі мемлекеттік органдар ашық жұмыс істегендіктен бұған қажеттілік жоқ, ақшаның жұмсалуын ресми сайттары арқылы көруге болады деген.

XS
SM
MD
LG