Accessibility links

Қайрат Боранбаевпен байланысты компания мемлекет меншігіне қайтарылды


Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және бизнесмен Қайрат Боранбаев (сол жақта бірінші). 6 қыркүйек 2018 жыл.
Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және бизнесмен Қайрат Боранбаев (сол жақта бірінші). 6 қыркүйек 2018 жыл.

Көмірсутек игерумен айналысатын Phystech II компаниясы акцияларының 100 пайызын "өз еркімен және өтеусіз" мемлекет меншігіне қайтарды, деп жазды қазақстандық KASE сайты.

Ақтауда орналасқан компания акцияларының бір бөлігі Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған.

Боранбаев биыл наурызда 8 жыл түрме жазасын алған. Кейін Астананың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Боранбаевтың үкімін өзгертіп, қыркүйекте сот оны 6 жылға соттады. Биыл тамызда жергілікті БАҚ Боранбаевтың адвокатына сүйене отырып, кәсіпкер тергеу органдарымен процессуалдық келісім жасауға келіскенін, бас бостандықтан айырылу жазасының орнына кінәні мойындап, шығынды өтеуге келіскенін жазған.

"Phystech II" компаниясы KASE-ге акционерлердің кезектен тыс жиынының шешімі жөнінде 4 қазанда яғни, Боранбаевқа қатысты жаңа үкім шыққаннан кейін 19 күн өткен соң хабарлаған.

"Басқалармен қатар акционерлер де мемлекет меншігіне жалпы құны 35 417 122 000 теңге болатын 13 749 100 жай акциясын ерікті түрде және тегін беру туралы шешім қабылдады" деп жазылған хабарламада.

Қазан айының басында Маңғыстау облысының прокуратурасы Phystech II компаниясы мемлекет алдындағы міндетін орындамағанын мәлімдеген. Прокуратура "кәсіпорын жұмысшыларының шағымдарын ескере отырып" тексерген.

Прокуратураның айтуынша, компаниядан жұмысшылардың еңбек құқығына байланысты бірқатар өрескел заңбұзушылықтар табылған, бұған қоса экология заңнамасын орындамағаны, келісімшарт талаптарын орындамағаны анықталған. Мемлекетке келген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгеге (2,5 млн доллар) бағаланды.

Былтыр желтоқсанда Phystech II компаниясының ондаған жұмысшысы жалақыны екі есе өсіруді талап еткен. Кейін сот компанияның шағымын қанағаттандырып, ереуілді заңсыз деп таныған.

Phystech II Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбаста жер қойнауын игерумен айналысады. 2021 жылы Forbes Kazakhstan кәсіпкер Қайрат Боранбаев "ҚазТурбоРемонт" холдинг арқылы "Phystech II" компаниясының үлесіне ие деп жазған. Мұны компанияның 2020 жылғы қаржылық есебін алға тартқан Kursiv.kz сайты жазған.

Былтыр желтоқсанда жұмысшылар наразылығынан кейін "Phystech II" Боранбаевтың Phystech II компаниясына қатысы жоғын мәлімдеген.

Қайрат Боранбаев – экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. 2021 жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын 590 млн деп бағалап, оны Қазақстандағы ең дәулетті 50 кәсіпкердің қатарына кіргізген.

Қыркүйек айында Боранбаевқа жаңа үкім шығар кезде кәсіпкер мемлекетке құны 90 млрд теңге болатын активін қайтарғаны және тағы 30 млрд теңге білім саласының инфрақұрылымын қолдауға жұмсағаны жөнінде ақпарат шықты. Қазан басында үкімет өкілдері Боранбаевтың кәмпескеленген мүліктері мемлекет меншігіне қайтарылады немесе сенімді басқаруға берілетінін айтқан.

XS
SM
MD
LG