Accessibility links

Швецияда алғаш рет Құран өртеу ісі бойынша үкім оқылды


Швецияда Құран өртеу акциясына наразылық митингісі.
Швецияда Құран өртеу акциясына наразылық митингісі.

Швеция соты мұсылмандар киелі санайтын Құран кітабын өртеуге байланысты ​"ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айыппен бірінші рет үкім шығарды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлады.

Хабарламада айыпталушы 27 жастағы ер адам екені айтылған. Сот оған шартты жаза берген.

Бұл істің қозғалуына ер адамның 2020 жылдың 11 қыркүйегінде X-тегі (бұрынғы Twitter) парақшасы мен YouTube-тегі арнасында жариялаған видеосы себеп болған.

Соттың мәліметінше, ер адам видеода Мұхаммед пайғамбарды қорлайтын жазуы бар шошқа етіне оралған Құран кітабын көрсетіп, кейін оны өртеп, мешіттің жанына қалдырған.

BBC-дің Орыс қызметінің жазуынша, видеода 2019 жылы болған Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласындағы мешітте 51 адамның өмірін қиған атыспен байланыстыратын Remove Kebab композициясы қолданылған. Сот оны "мұсылмандардың сеніміне қауіп төндіруді меңзейтін" белгі деген қорытынды жасаған.

Бұған дейін Швеция прокуратурасы сөз бостандығы мен ой еркіндігі туралы заңды алға тартып, мұндай наразылықтарды айыптамаған.

XS
SM
MD
LG