Жуырда Солтүстік Корея Ресейге қару-жарақ партиясын жеткізді. Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби осылай деп мәлімдеді. Ол Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастықтың кеңеюіне алаңдаушылық білдірді.
Ақ үй Солтүстік Кореяның қоймасынан алынған оқ-дәрі партиясы көрінетін сурет жариялады. Қару-жарақ Ресей туы бар кемеге тиеліп, Ресейдің оңтүстік-батысындағы қоймаға жөнелтілген. Вашингтонның мәліметінше, тасымалдау биыл 7 қыркүйек пен 1 қазан аралығында жүзеге асырылған.
Спутник деректері Солтүстік Корея мен Ресей шекарасы арасындағы темір жол қозғалысы күрт артқанын айғақтайды. Бұл Пхеньян Ресейге оқ-дәрі жіберуге белсене кіріскен деген тұжырымға жетелейді, дейді Америка жағы.
Мәскеу мен Пхеньян арасындағы әскери ынтымақтастық туралы алғашқы хабарлар өткен айда – Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейге барып, ел президенті Владимир Путинмен кездесіп, Қиыр Шығыстағы маңызды әскери нысандарды аралаған кезде пайда болған. Американың барлау қызметі "Ким Чен Ын Ресейге қару-жарақ беріп, өзінің ядролық бағдарламасын дамыту үшін Мәскеуден күрделі технология алғысы келеді" деп күдіктенген.
АҚШ-тағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметінше, 5 қазанға дейінгі мәлімет бойынша спутник суреттері шекарадағы Туманган станциясында жүк вагондарының ерекше қозғалысын тіркеген. Суретте шамамен 73 вагон тұрғаны көрінеді, ал соңғы бес жылдағы суреттерде бұл станцияда 20-дан артық вагон болмаған, деп жазды "Америка дауысы".
Мәскеу Ақ үйдің мәлімдемесіне түсініктеме бермеді.
Жазда Financial Times басылымы Солтүстік Кореяның қаруын Ресей нысандарын атқылау үшін украин армиясы да қолданғанын жазды. Әскери қызметкерлердің айтуынша, солтүстіккореялық оқ-дәрілер жиі атылмай қалады немесе жарылмай қалады. Маркировкасына қарағанда олар 1980-1990-жылдары дайындалған.
FT дереккөздері солтүстіккореялық ракеталар Украина әскерінің қолында қалай жүр деген сұраққа жауап бермеген. Украина қорғаныс министрлігі солтүстіккореялық ракеталар соғыс олжасы болуы мүмкін дейді.