Accessibility links

Air Astana ұшақ жанармайын Қытайдан алмақшы


Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы мен қытайлық PetroChina International мұнай-газ компаниясының Қазақстандағы филиалы ұшақ жанармайын тасымалдау жөніндегі әріптестік бойынша меморандумға қол қойды. Бұл жөнінде Air Astana-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Екі тарап авиакеросинді тасымалдау мәселесі бойынша серіктес болуға, инфрақұрылым бойынша жұмыс жүргізуге, Jet A-1 халықаралық авиациялық отын стандартына көшуге ниетті.

"Қазақстанда отынның бұл түрі өндірілмейді, сондықтан компаниялар Jet А-1 және экологиялық таза авиаотынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мәселесін талқылады" делінген хабарламада.

Air Astana Jet a-1-дің артықшылығы ретінде өрт қаупінің төмендігі, атмосфераға түсетін газ құрамы аз екенін айтады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда азаматтық авиациядағы жанармай тапшылығы туралы жиі айтылды, әсіресе 2021 жылдың күзі мен 2022 жылдың жазында бұл мәселеге шағымдар жиі түсті. Сол кезде энергетика министрлігі әуежайлар мен әуе компаниялары "жанармаймен қамтамасыз ету мәселесін алдын ала өз бетімен шешуге тиіс" деп мәлімдеген.

Таяуда көлік министрі Марат Қарабаев әуе кеңістігін пайдалану артып жатқанда Қазақстанда ұшақ жанармайы жеткіліксіз екенін мәлімдеген. Елде үш мұнай өңдеу зауыты бар, азаматтық авиациядағы жанармайдың бір бөлігі Ресейден келеді.

XS
SM
MD
LG