Accessibility links

Израиль армиясы Газа секторында алғашқы құрлық операцияларын бастады


Қауіпсіз аймаққа көшкен Газа секторының тұрғындары.
Қауіпсіз аймаққа көшкен Газа секторының тұрғындары.

Израиль әскері (ЦАХАЛ) жұма күні Газа секторындағы ХАМАС инфрақұрылымдарын жою бойынша құрлық операцияларын бастады. ЦАХАЛ-дың хабарлауынша, әзірге жаппай құрлық операциялары басталған жоқ: мәселе тек жекелеген орындарға жүргізілетін рейдтер жөнінде болып отыр.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жұма күні телеарналардан халыққа қысқа жолдау арнады. Ол ХАМАС-ты толық жою бойынша операциялар "енді ғана басталғанын" атап өтіп, израильдіктер өз үйлерін қорғап, "арыстанша күреседі" деді.

Нетаньяхудың жолдауын Израиль парламенттік оппозициясының жетекшісі Яир Лапид сынады. Оның пікірінше, премьер-министр халыққа шұғыл жолдау жасап, халық арасында үрейді ұлғайтып отыр. Оның сөзінше, Нетаньяху кепілге алынған изральдіктер туралы, майдандағы жағдай немесе эвакуация мәселесі туралы ештеңе айтпаған.

Ал Газа секторында бейбіт тұрғындарға 24 сағат ішінде аймақтың солтүстігінен оңтүстігіне қарай – Египет шекарасына жақын аумаққа көшуге кеңес берілген. Халықаралық "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымының хабарлауынша, жұма күні кешке Газада тұрғындарға алдағы екі сағат ішінде эвакуациялау қажеттігі айтылған. ЦАХАЛ өкілдері Газа тұрғындарының басым бөлігі оңтүстікке көшірілгенін растады. Алайда ХАМАС-тың жергілікті әкімшілігі тұрғындарды "Израиль насихатына көңіл бөлмеуге" және "үйде қалуға" үндеген.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильге қайырылып, аймақта гуманитарлық апатқа жол бермеуді талап етті. Ұйым сонымен бірге аймаққа су, азық-түлік және жанар-жағармай жеткізу үшін уақытша болса да жолды ашуға шақырды.

Жұма күні ХАМАС күштері Израильді атқылауын доғармады. Ашдод және Ашкелон қалалары елдің ең қауіпті бөлігі болып қалды. Тель-Авивте де әуе дабылы іске қосылған. Қала мэрінің айтуынша, Тель-Авив метросы бомбадан қорғанатын орын ретінде жұмыс істей бастаған.

Жұма күнгі мәлімет бойынша, ХАМАС Израильге шабуылдағалы бері Израильде 1200-ден астам адам опат болған, 258-і – әскери қызметкер. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 1799 палестиндік қаза болған.

XS
SM
MD
LG