Еуропа комиссиясының жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Молдованың Еуроодаққа қосылу ұмтылысын жоғары бағалап, Кишинев бұл тұста "айтарлықтай ілгерілеушілік" жасағанын айтты.
"Молдова Еуроодаққа қосылу жолында батыл әрі жылдам қозғала алатынын дәлелдеді" деді Урсула фон дер Ляйен 12 қазанда Молдова президенті Майя Сандумен кездесу кезінде.
Украина мен Молдова 27 елден құралған одаққа мүше болу бойынша келіссөзге былтыр маусымда шақырылып, Еуроодақ мүшелігіне кандидат статусы берілген.
Былтыр ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін наурыз айында Грузия мен Молдова Еуроодаққа мүше болуға өтініш берген. Сол кезде Грузия бірқатар шартты орындағаннан кейін оған кандидат статусы берілетіні айтылған.
Кандидат статусына ие болған Молдова мен Украинаның Еуропа одағы құрамына толық мүше болып қашан қабылданатыны белгісіз, саясаткерлер бұған ондаған жыл, тіпті одан да көп уақыт керек болады дейді.
ПІКІРЛЕР