Accessibility links

Израильге шабуыл кезінде Ресейдің кемінде 16 азаматы қаза болған


ХАМАС радикалды тобының 7 қазан күнгі Израильге шабуылының нәтижесінде Ресейдің кемінде 16 азаматы қаза болған. Бұл жөнінде сенбі, 14 қазанда Ресейдің Израильдегі елшілігі хабарлады. Ресейдің 8 азаматы із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Елшіліктің мәліметінше, ХАМАС тобы Газа секторында кепілдікте ұстап отырған азаматтар қатарында кемінде бір ресейлік бар.

"Можем объяснить" телеграм-арнасы қаза болғандардың бірінің аты-жөні Ирит Кондерова екенін жазады. Онда Израиль мен Ресей азаматтығы болған. Ол Газа секторымен шекараға жақын жерде өткен трансмузыка фестиваліне ХАМАС шабуылдаған кезде өлтірілген. Ақпаратқа қарағанда, ХАМАС содырлары музыка фестиваліне жиналған 200-ден астам адамды өлтірген. Арасында түрлі елдердің азаматтары бар.

14 қазанда "Настоящее время" арнасы Израиль билігінің ақпаратына сүйене отырып, Израильге шабуылдан қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар арасында 42 елдің азаматы барын, арасында Украина, Беларусь, Литва, Эстония, Қазақстан, Өзбекстан барын хабарлады.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл ақпарат жөнінде 15 қазанда Азаттыққа "бұл шындыққа сәйкес келмейді, Израиль билігі [интернетте тарап жатқан] таблицада кеткен қателіктері үшін кешірім сұрады" деп мәлімдеді.

Жалпы шабуылдан Израильде 1300-ден астам опат болған. Газа секторына қарымта шабуылдың салдарынан 2200-ден астам адам өлген. ХАМАС тобының біраз адамды кепілдікте әлі ұстап отырғаны айтылады. Сенбі күні аталған топ өкілдері Израиль жағының әуе соққысынан өткен тәулікте кепілдікте отырған 9 адам мерт болғанын хабарлаған. Бұл ақпаратты тексеру мүмкін болмады. Бұған дейін ХАМАС Израиль соққысына жауап ретінде кепілдіктегі адамдарды өлтіре бастайтынын хабарлаған, алайда ондай фактілер жөнінде хабарланбады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG