Accessibility links

БҰҰ басқармасы қырғыз парламентін "шетел өкілдері" туралы заң жобасын қабылдамауға шақырды


БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасының ресми өкілі Равин Шамдасани қырғыз парламенті Жогорку кеңешінде қаралып жатқан "шетел өкілдері" туралы заң жобасына орай мәлімдеме жасады.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасының сайтында 13 қазанда жарияланған мәлімдемеде аталған құжат Қырғызстанда "азаматтық қоғам ұйымдарының жұмысы мен сөз бостандығы және бірігу құқығының бұзылуына әсер етуі" мүмкін деп жазылған.

Басқарма өкілдерінің пікірінше, заң жобасындағы "бұлыңғыр әрі түрліше тәпсірлеуге болатын тұстардың бірі" – "коммерциялық емес ұйымдардың қызметі" "азаматтарды өз міндетінен бас тартуға немесе өзге де заңға қайшы әрекеттерге итермелеуі мүмкін" деген пункт. Құжат авторлары осындай құқықбұзушылық үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды ұсынады.

Басқарма өкілдері одан бөлек, аталған заң Қырғызстан әділет министрлігін "мекемелерді аяқ астынан тексеру және құжаттарын тәркілеу бойынша өкілетін кеңейтуге" жағдай жасайды. Құжат бұған қоса, "саяси қызметпен" айналысатын "шетелден қаржы алатын" коммерциялық емес ұйымдарды "шетел өкілдері" ретінде тіркеуді талап етеді. Заң талаптарын орындамаған ұйымдардың жұмысы сот шешімінсіз алты айға дейін тоқтатылуы мүмкін. БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі басқармасы қырғыз парламентін аталған талаптар жазылған құжатты қабылдамауға шақырды.

Бұған дейін Жогорку кеңештің екі комитеті Қырғызстан Қылмыстық кодексі мен "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған. Түзетулер заңнамаға "шетел өкілі" деген ұғымды енгізуге ұсынады. Аталған заң жобасына қатысты 17 қазанда парламенттік тыңдау өтеді.

Бұған дейін осы құжатқа сараптама жасаған "Әділет" құқықтық клиникасы түзетулер Қырғызстан Конституциясы мен Бішкек қабылдаған халықаралық құқықтық құжаттарға қайшы деген қорытындыға келген. "Ұсынылған тұжырымдар өте бұлыңғыр және айқын емес, бұл оны түрліше тәпсірлеп, бұрмалап қолдануға жол ашады" деді құқық қорғау ұйым өкілдері.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG