Accessibility links

Қарағандыда сот "орыстарды өлтіруге" шақырған адамды қамауға алды


Қарағандыдағы полиция ғимараты.
Қарағандыдағы полиция ғимараты.

Қарағандыдағы тергеу соты жексенбі, 15 қазанда 32 жастағы жергілікті тұрғынды "ұлтаралық араздық тудырды" деген күдікпен қамауға алды. Оның үстінен 174-бап ("Әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік не діни алауыздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Азаттыққа полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қарағандылықтың ұсталғанын желіде тараған видеодан соң мәлімдеді. Видеода жас жігіт "Қазақстандағы орыстарды өлтіру керек" деп, "мұсылмандықты қабылдамағандарды адам деп қабылдамайтынын" айтады.

Полиция видеодағы адамды анықтап, 32 жастағы ер адамды ұстаған. Тергеу соты да, полиция да ұсталған адамның атын жарияламады. Күдіктінің бұрын "қарақшылық үшін" сотталғаны айтылды.

Полиция департаментінің мәліметінше, бұл адам адам қыркүйекте осындай сарындағы тағы бір видео жариялаған. Қыркүйектегі видеодан соң қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалған, бірақ күдіктіні қамауға алмаған.

Қыркүйектегі видео бойынша тергеу аяқталмай жатып, ер адам жаңа видео жариялап, онда "орыстарды өлтіруге шақырсам да, Қазақстанда мені қамамады, қалай ойлайсың?" дейді сөйлесіп отырған адамға.

Сенбі, 14 қазанда полиция ер адамды ұстаған. Қарағандының тергеу соты Азаттыққа күдікті он күнге қамалғанын, қажет болса қамау мерзімі екі айға дейін созылатынын айтты.

Полиция бұл бапта екі жылдан жеті жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын да жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG