Accessibility links

Катар Ресей әкеткен украиналық балаларды қайтаруда делдалдықты бастап кетті - Reuters


Украинадағы балаларды эвакуациялау. Бейтарап сурет.
Украинадағы балаларды эвакуациялау. Бейтарап сурет.

Халықаралық аренада ықпалы бар Катар соғыс басталғалы Ресейге депортацияланған украин балаларын еліне қайтару жөніндегі келіссөзде делдал болуды бастап кеткен. Мәселен, Катардың араласуымен жеті жасар бір бала әжесіне қайтарылған. Бұл жөнінде Катар билігіндегі дереккөзге сілтеген Reuters агенттігі хабарлады. Осы аптада тағы үш бала Украинаға оралуы мүмкін.

Украин балаларын Ресейге депортациялау бойынша биыл наурызда Гаагадағы халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер шығарған. Прокурорлар Ресей балаларды күштеп көшірген деп санайды. Киев бұл пікірді жақтаған, ал Мәскеу "балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін" оларды қақтығыс аймағынан алып кеткенін айтқан.

Украина билігінің мәліметінше, Ресей ата-анасы немесе қамқоршысының келісімінсіз 19 мыңнан астам баланы алып кеткен, Украинаға жүздегені ғана қайтарылған.

Reuters агенттігінің жазуынша, Катар, Ресей және Украинаның арасындағы келіссөз бірнеше ай бойы құпия түрде жүрген. Ақпаратқа қарағанда, келіссөзге Ресейдің бала құқығы жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белова да қатысқан. Бұл процеске жауапты Катар өкілі төрт баланың қайтарылуын "алғашқы қадам" деді. Катар бастамасының көмегімен Украинаға нақты қанша бала қайтатыны белгісіз.

Мария Львова-Белова биыл шілденің басында Катардың Ресейдегі елшісі Ахмед Бен Насер Бен Жасем әл-Танимен кездескенін хабарлаған. РБК мәліметінше, Львова-Белова дипломатқа "арнайы операция кезінде бір-бірінен айырылған балалар мен ата-аналарды қосу" шаралары туралы айтқан. Ресей мен Украина билігі Reuters агенттігінің бұл ақпаратына қатысты әлі түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG