Accessibility links

Брюссельде белгісіз біреу көшеде екі адамды атып кеткен


Төтенше оқиға болған жерде жүрген полиция. Брюссель, 16 қазан, 2023 жыл.
Төтенше оқиға болған жерде жүрген полиция. Брюссель, 16 қазан, 2023 жыл.

Брюссельде белгісіз біреу көшеде қарудан оқ жаудырып, екі адам қаза тапқан. Скутерге мініп қашып кеткен қылмыскерді полиция іздестіріп жатыр.

Бельгия астанасы Брюссельде 16 қазан кешке белгісіз біреу көшеде қарудан оқ жаудырып, екі адам қаза тапқан. Қылмыскер скутерге мініп қашып кеткен. Қазір полиция оны іздестіріп жатыр.

Қаза тапқан екі адамның үстінде Швецияның туы түстес шолақ жейде болған. Олар швед командасының жанкүйерлері болуы мүмкін деген болжам бар. Бірінші тайм аяқталғаннан кейін, адамдар оққа ұшқаны туралы суыт хабар жеткен соң, футбол ойыны тоқтап, жалғасы кейінге қалды.

Het Laatste Nieuws басылымы қылмыс оқиғасы жергілікті уақытпен сағат 19:15 шамасында, футболдан Бельгия мен Швеция құрама командаларының матчы өтіп жатқан стадионнан бес шақырымдай жерде болған деп жазды.

Бельгияның Валлония аймағында шығатын Sudinfo газеті қылмысқа күдікті адам Facebook-те үндеу таратқан деп хабарлады. Өзін Слайем Слоума деп таныстырған ол «Ислам мемлекеті» террор тобының мүшесі екенін айтып, «дін жолында құрбан болған мұсылмандар үшін кек алғанын» мәлімдеген.

Бельгия билік орындары арнайы дағдарыс орталығын құрды. Қазір Брюссель прокуратурасы тергеу жүргізіп жатыр. Егер бұл іс теракт деп танылатын болса, тергеу ісі федералдық деңгейдегі органдарға берілуі мүмкін.

Осы қылмысқа байланысты Бельгияда терроризм қауіп-қатері ең жоғарғы деңгейде деп жарияланды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG