Accessibility links

Саясатқа жаңадан келген 35 жастағы Нобоа Эквадор президенті болып сайланды


Даниель Нобоа
Даниель Нобоа

Жексенбі күні Эквадорда кезектен тыс өткен сайлауда жаңа президент болып Даниель Нобоа сайланды. Бәсекелесінен төрт пайыз көп дауыс алған 35 жастағы Нобоа Эквадор тарихындағы ең жас президент болады.

Даниэль Нобоа – Эквадор саяси сахнасына шыққан жаңа тұлға. Әкесі, ірі бизнесмен Альваро Нобоа президент сайлауына бес рет қатысып, бесеуінде де жеңілген.

Жаңа президенттің басты міндеті – коронавирус індетінен тұралаған экономиканы қалпына келтіру және Эквадорда өршіп тұрған қылмыспен күресу. Нобоа сайлауалды бағдарламасында жастарды саясатқа көбірек тартатынын, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашатынын айтқан.

Биыл мамырда президент Гильермо Лассо ұлттық ассамблеяны таратып, өзі де қызметінен кеткен соң Эквадорда мерзімінен бұрын сайлау белгіленген.

Лассоға қарата "мұнай тасымалына байланысты жемқорлыққа қатысы бар" деген айыптау көбейген соң ұлттық ассамблея оған импичмент жариялау мәселесін көтерген. Осылайша Нобоаның президенттік мерзімі небәрі 17 ай ғана болады, яғни бұрынғы президенттің қалған мерзімін атқарады. Нобоа 2025 жылы мамырда өтетін келесі сайлауға қатыса алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG