Accessibility links

АҚШ президенті Джо Байден Израильге барады


Джо Байден
Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі, 18 қазанда Израильге барады. Бұл жөнінде дүйсенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен хабарлады.

Джо Байден сапарының мақсаты — қарулы жанжал кезінде Израиль халқымен жақындығын білдіру. Осымен президент Джо Байден соғыс болып жатқан елдердің тағы біріне бармақ. Биыл ақпанда ол Киевте болған.

АҚШ президенті сапар барысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху және елдің өзге де жетекшілерімен кездеседі. Энтони Блинкеннің айтуынша, Джо Байден елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге не қажет екенін Израиль халқының өз аузынан естігісі келеді.

Джо Байден Иорданияға да барады. АҚШ президенті Иордания королі, Египет президенті және Палестина автономиясының басшысымен кездесуді жоспарлаған. Байден олармен Газа секторындағы халыққа гуманитарлық көмек көрсету мәселесін талқылайды.

Байден сапары Израиль армиясы Газа секторындағы ХАМАС инфрақұрылымдарын жоюға арналған құрлық операциясына дайындалып жатқан уақытқа тұспа-тұс келді.

ХАМАС тобының 7 қазандағы Израильге жасаған шыбуылынан 1400-ден астам адам қаза тапты. Палестина жағының мәліметінше, Газа секторында 3 мыңға жуық адам өлген.

ХАМАС тобы (кей елдер бұл топты террор ұйым деп таныған) Израиль аумағын зымыранмен атқылап жатыр. Дүйсенбіде АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кездескенде әуе дабылы қосылды. Сөйтіп кездесуді бомбадан жасырынатын орында жалғастырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG