Accessibility links

CPJ және АЕ/АР Ресейде ұсталған Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісін дереу босатуға шақырды


Алсу Құрмашева.
Алсу Құрмашева.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы және "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists) Қазанда ұсталған Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметінің тілшісі Алсу Құрмашеваны дереу босатуға шақырды.

Алсу Құрмашева 18 қазанда Ресей құрамындағы Татарстан астанасы Қазанда ұсталған. Оған "шетел агенті" ретінде тіркелмеді деген айып тағылған. Бұл бап бойынша оған айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе 5 жыл түрме жазасы қаупі төніп тұр.

Азат Еуропа/Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде Татар-Башқұрт қызметінде істейтін, Ресей және АҚШ азаматтығы бар Алсу Құрмашева биыл мамырда отбасы жағдайына байланысты Ресейге барған. Ол 2 маусымда Қазан әуежайынан қайтып бара жатқанда уақытша ұсталып, оның АҚШ және Ресей паспорты тәркіленген. Содан бері ол Ресейден шыға алмаған.

Ресей билігі АҚШ паспортын жергілікті мекемеге тіркемегені үшін оған айыппұл салған.

"Алсу әріптестері арасында зор құрметке ие, отбасында адал жар, екі баланың қамқор анасы. Ол дереу босатылып, отбасына оралуы керек" деді АЕ/АР медиакорпорацияның президенті міндетін атқарушы Джеффри Гедмин.

"Журналистерді қорғау комитеті" Құрмашеваға тағылған айыпты "жалған айып" деп атап, Ресей билігін оны дереу босатуға үндеді.

"CPJ АҚШ-Ресей журналисі Алсу Құрмашеваның жалған айып бойынша ұсталуына қатты алаңдайды және Ресей билігін оған қарсы айыптарды алып тастап, дереу босатуға үндейді" деді CPJ-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламаларының үйлестірушісі Гульноза Саид.

  • "Шетел агенті" туралы заңнама Ресейде 2012 жылы пайда болды. Заң әділет министрлігіне шетелден қаржы алатын, саяси қызметпен айналысатын коммерциялық емес ұйымдарды "агент" деп атауға мүмкіндік береді. Сарапшылар заңның бұлыңғыр тұстары көп, сондықтан бұл билікке ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау саласы, экология, адам құқығы саласында істейтін ұйымдар мен тұлғаларды қудалауға жол ашты дейді. Ресейдің Украинаға басқыншылығы басталғалы бері Ресейде осы заңның баптары негізінде азаматтық қоғам мен медиа топтарын жабу жағдайы жиілеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG