19 қазанда Алматының Бостандық аудандық сотында азаматтық белсенді Назым Табылдиеваға қозғалған қылмыстық іс бойынша сот басталды. Ол "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "билік өкілін қорлады" деген күдікке ілінген. Табылдиева мен жақтастары істің саясиланғанын айтады.
Қылмыстық іске белсендінің Facebook желісінде Қазақстан билігін, прокуратура және ҰҚК өкілдерін сынап жазған жазбалары түрткі болған.
Іс материалдарына қарағанда, сондай жазбалардың бірінде Табылдиева Қазақстан билігіне қатысты "Ресейдің қуыршақтары" тіркесін пайдаланған. Тергеу болжамынша, ол өзге жазбада прокуратура өкілдерін "қарабет" және "сұмырай парақорлар" деп атаған
Табылдиева 19 қазанда сот басталмай тұрып Азаттыққа тағылған айыптармен келіспейтінін жеткізді. Ол істі өзінің белсенділігімен байланыстырды.
Сот отырысы алдында судья Азаттық тілшісіне процесті телефонға түсіруге тыйым салды, бірақ себебін түсіндірген жоқ. Дегенмен судья кәсіби камераларға түсіруге тыйым салған жоқ.
Бейсенбі күні сотта жәбірленушілер сөйледі.
Сотта жәбірленуші танылған Қарасай ауданының прокуроры Дәурен Райымқұлов Назым Табылдиеваны танымайтынын айтты. Оның сөзінше, Facebook-тағы Назка Табылдиева атты аккаунттан "Қарасай аудандық прокуратурасындағы бассыздық" деп аталатын жазбаны көріп, намыстанған.
"Ол пікір жазған кезде "қарабет", "сұмырай" сөздерін пайдаланған. Бұл адамның ар-намысына тиіп, халық алдында құқық қорғау органдарының беделін түсіреді. Бұл адамды ешқашан көрген емеспін, жұмыс кезінде де көрмегенмін. Сол себепті мені білмей жатып, осылай жазғаны [құқық қорғау органдарына шағым жазуыма түрткі болды]. Оны жауапкершілікке тарту керек деп санаймын" деді Райымқұлов.
Адвокат Жалғас Сапарханованың айтуынша, Назым Табылдиева жүктеген видеоның комментарийінде нақты адамдардың аты-жөндері көрсетілмеген.
—Ол нақты "Райымқұлов – қарабет" деп айтты ма? – деп сұрады адвокат Жалғас Сапарханова Дәурен Райымқұловтан.
—Жоқ, олай деп айтпаған, бірақ біздің аты-жөніміз жазылған видеолар бар, оның астында комментарийлер бар, – деді Райымқұлов.
—Сіз сол комментарийді өзіңізге айтылған деп қабылдадыңыз ба?
—[Бұл жазбаның] скриншоты бар. Онда Жәнібек Жақаев, Дәурен Райымқұлов деп жазылған. Жазбаның комментарийінде "қарабет, сұмырай" деген сөздер қолданылады. Ол енді бізге қарата айтылмағанда кімге айтылып тұр? – деді Райымқұлов.
Істе жәбірленуші танылған Райымқұлов сөзінің басында Назым Табылдиеваның үстінен "ар-намысына тигені үшін" арыз жазғанын айтқан. Адвокат Жалғас Сапарханова арызды қашан жазғанын сұрады. Райымқұлов "нақты есімде жоқ, шамамен жазда" деді.
Бұдан соң адвокат іс материалдарында оның арызы жоғын атап өтіп, көрсетуді өтінді. Бұдан соң сот отырысының хатшысы Райымқұловқа іс материалдары бар папканы берді. Райымқұлов шамамен бес минуттан уақыт аса материалдарды парақтап отырды. Ізінше арызды таппағанын айтты.
—Бәлкім, мен шатысып отырған шығармын. Бірақ сұрақ-жауап хаттамасы бар, – деді Райымқұлов.
—Сіз арыз жаздыңыз ба, әлде жоқ па, – деп судья одан сұрады.
Ақыры Райымқұлов арыз жазбағанын мойындап, тергеу кезінде жауап бергенін айтты. Ол арызды тергеу хаттамасымен шатыстырып алғанын жеткізді.
Бұдан соң адвокат одан тергеудің мерзімі мен тергеушінің аты-жөнін сұрады, алайда жәбірленуші "есінде емес" екенін айтты.
Осы тұста адвокат жәбірленушіге ескерту жасап, ҚР Қылмыстық кодексінің 402-бабына сүйене отырып, жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Райымқұлов жәбірленуші ретінде "жағдайдың жай-жапсарын есінде ұстау міндетіне кірмейтінін" жеткізді.
Қарасай аудандық прокуратурасында істейтін екінші жәбірленуші Нұрбол Назымның үстінен арыз түсірмегенін айтты. Ол Назка Табылдиеваның комментарийі намысына тигенін айтты.
Бұл іс бойынша үш адам жәбірленуші танылған. Үшеуі де – прокурор. 19 қазанда үшінші прокурор болмағандықтан сот отырысы 20 қазанда жалғасатын болды.
Екінші бапқа келсек, тергеу болжамынша, 2022 жылы қыркүйекте Назым Табылдиева "Қазақстан тәуелсіз мемлекет" екенін біле тұра Facebook-те Қазақстан билігі – "Ресейдің қуыршақтары" екені және Ресейдің саясатын жүргізетіні жөнінде видеоролик жариялаған. Назым Табылдиева бұл айыппен де келіспейді. Ол жалпы жағдайға байланысты пікірін айтқанын, нақты біреуге бағыттамағанын айтты.