Accessibility links

Сауда министрлігі: Ресейге салынған санкцияның экспорттық шектеуге қатысы жоқ


Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Ресейге соғыста қолдануға болатын 106 тауар түрін экспорттауға шектеу қойғаны жөнінде бұған дейін бірқатар БАҚ таратқан ақпарат жаңсақ екенін хабарлады. Министрлік Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынасын реттеу Еуразия экономика одағы туралы шарт ережесіне сәйкес жүргізілетінін айтты.

"Ресейге қарсы санкцияларға қатысты ол елге кез келген тауарды экспорттауға тыйым салынбаған. Бұл ретте экспорттық бақылауға жататын «қос мақсаттағы» тауарлар саудасы Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан заңына сәйкес, мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажет" деп жазған министрлік.

Сауда министрлігі қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау 20 жылдан астам уақыттан бері халықаралық тәртіпке сай жүргізіліп келе жатыр дейді.

"Экспорттық бақылау ұлттық құзыретке жатады, ол ЕАЭО туралы шартта да бар" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Қазақстан мен Ресей шекарасында тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Қазақстан мен Ресей шекарасында тұрған жүк көліктері. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі фото

106 тауар түрін экспорттауға шектеу туралы 19 қазанда парламентте журналистер сұрағына жауап берген сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтқан.

"Ресейге барлық тауарды экспортқа шығарып жатырмыз. Тек соғысқа қатысты экспорттық тауарларды шектей бастадық. Бұл – 106 алуан түрлі тауар. Олардың экспортын тұтас шектедік. Олар соғыста табылған тауарлар: дрон ішінде табылған заттар, арнайы электроника, чиптер" деді вице-министр.

Қайрат Төребаев "шектеу қойылған тауарлар Қазақстанда өндірілмейді, бұрын ел аумағы арқылы экспортқа шығарылған" деді.

Қазақстан шенеуніктері бұған дейін «ел аумағын Ресейге қарсы санкцияны айналып өтетін алаңға айналдыруға жол бермейміз» деп мәлімдеген еді. Биыл көктемде Қазақстан билігі ел шекарасын кесіп өтетін барлық тауарды тексеруге мүмкіндік беретін онлайн-жүйені іске қосқанын хабарлаған.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары кезінде Астана Батыстың Ресейге қарсы санкция ережелерін бұзбайды деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG